2016 жыл Астана өмірінде несімен есте қалды?

2921

Abctv тілшісі елорданың тыныс-тіршілігін саралай отырып, өткен жылы ойда қалған ең елеулі оқиғаларға тоқталды.

2016 жыл Астана өмірінде несімен есте қалды?

Өткен жыл елорда үшін табысты жыл болды. Өткенге салауат айтып,  жаңа жылдан жақсылық күтетініміз бар. Ендеше 2016 жыл  Астана экономикасына қалай әсер етті?  Құрылыстың қарқыны қандай болды? Қаржы саласында тапқан олжамыз қанша?  

Өткен жылдың айтулы жетістігінің бірі  – Астана қаласы әлемдегі "ТОП – 21" "ақылды"  қалалар тізіміне енді. Бұған тұрғындардың қолайлы өмір сүруін қаматамасыз ететін  инновациялық жобалардың жүзеге асуы себеп болып отыр. Инновациялық жоба демекші, жаңа экономикаға жол ашатын  "Startup Kazakhstan" халықаралық бағдарламасы  да кез келген адамға жаңа бизнесін бастауға мүмкіндік береді.  Бұл ретте елордада "Ақылды индустрия" инновациялық жобалардың тұсауы кесілгені белгілі. Оның қатарында  тасымалданатын шатырлы қондырғылар, вагон-цистерналы жылыту жүйелері, тасымалданушы мұнай өнімдері, малшыларға арналған қуаты 1 кВт диффузоры бар жылжымалы жел қондырғылары мен энергия тұтынуды 40 пайызға төмендететін қазандықпен бірге жасалған гелиоқондырғылар бар.

5 трлн теңгеге жетті

Өткен жылы қала қазынасына алғаш рет 1 триллионнан астам теңге жиналды. Жалпы өңірдің өнімі 3 пайызға артып, 5 трлн теңгеге жетті. Инвестиция тартудан қала  алдыңғы қатарға шықты. Бұл көрсеткіш 11 пайызға өсіп, елорда қазынасына 838 млрд теңге құйылды. Шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында 3 трлн теңгенің өнімі өндірілді. 19 мың жаңа жұмыс орны ашылып,  жұмыссыздық азайды.

Шағын және орта бизнес бойынша Астана қаласы республика бойынша бірінші орында тұр. Мәселен  "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында тек өткен жылдың өзінде  11,9 млрд теңгенің 67 жобасы қолдауға ие болды.  Несиелерге жартылай кепілдік беру бойынша жалпы кепіл сомасы  4 млрд теңгеге  жуықтаған.

Құрылысы қарқынды қала

2016 жылдың басынан бері құрылысқа бағытталған инвестициялар көлемі 63 миллион теңгеден асты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы аумағы 1 134 324 шаршы метрге ұлғайды. Барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 10 371 пәтерлік баспана тапсырылған.
Ресми деректер, жеке тұрғын үй салушылар жалпы ауданы 99 723 шаршы метрлік үй салғанын айтады. Тұрғын үйлердің бағасына келсек, елордада тұрғын үйдің жалпы ауданының 1 шаршы метрінің құны орта есеппен 129,7 мың теңгені құрады. Оның ішінде жеке тұрғын үй салушылар үшін шаршы метрдің құны – 115,5 мың теңге.
Қала құрылысы туралы сөз еткенде, құрылыс өнеркәсібі туралы айту керек. Өйткені қарқынды жұ­мыстар құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырды.  2016 жылы құрылыс материалдары өндірісінің дамуында оң өзгерістер байқалды.  Бетон, кірпіш, ағаштан және темірден жасалған бұйымдар өндірісі дамыды. Сонымен қатар, пласт­массадан жасалған есік-терезелер, қораптар, цементтен жасалған бұйымдар, құрылыс үшін жасанды тастан жасалған элементтер, болаттан жасалған сэндвич-панельдер, жоғары қысымды құбырлар және металл конструкцияларын өндірудегі жеткен жетістіктер қуантады.

Миллионшы сәби дүниеге келді

Елордалықтар жыл сайын орташа есеппен 45-50 мың адамға көбейіп келеді. Өткен жыл­дың еншісіндегі ең елеулі оқиғаның бірі – миллионыншы тұрғынның дү­ниеге келуі.  Жалпы бала туу деңгейі 8 пайызға өсті.  Бір жылдың ішінде  27 мыңнан астам сәби дүниеге келді 18 жыл бұрын астаналықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жас болса, 2016 жылы қала тұрғындарының өмір сүру жасының орташа көрсеткіші 75 жасты құрады. Мамандардың айтуынша, бұл республика бойынша ең жоғарғы меже. Ана өлімі 5 пайызға төмендеп, сәбидің шетінеуі 13 пайызға азайған.  Құрт ауруынан өмірмен қоштасу жағдайлары 2 есеге төмендеді. Сонымен қатар аурулардың  жеке санаттарына ақысыз негізде жергілікті бюджет есебінен берілетін дәрі-дәрмектің  тізімі біршама  кеңейтілді. Астаналықтар үшін  №11 және №12 қалалық ем­ха­на­лардың есігі ашылып,   "Же­лезнодорожный" тұр­ғын алабында отбасылық ден­саулық орталы­ғына жеке ғи­марат берілді.

Қаржы бөлу қысқартылмады

Өткен жылы экономикалық дағдарысқа қарамастан әлеуметтік салаға қаржы бөлу жағы қысқармады. Былтыр бас қалада 47 жаңа балабақша пайдалануға берілді. Оның 44-і жекеменшік.  Мұның пайдасы, жылдар бойы кезекте тұрған 33 мың бала мектепалды даярлықпен қамтылды. Сонымен қатар заманауи 2 мектеп ашылды. Астаналық оқушылар да  соңғы 10 жылдан бері  республикалық және халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды бермей келеді. 2016 жылы
"Алтын белгі" иегерлерінің саны артты.  2014 жылы – 94, 2015 жылы – 112, 2016 жылы 133 бала білімдерін дәлелдеп шықты. "Smart мектеп" бағдарламасы аясында бала қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу жүйесі, электронды күнделік және өзге де осы тектес жобалар  пысықталды.  Жалпы алғанда білім беру саласын қаржыландыру 12 пайызға артты. 

ЭКСПО нысандары жылыту желісіне қосылды

Былтыр ЖЭО-2 қуат көзінде бірқатар қазандықтар іске қосылды. Соның есебінен жылу қуаты 400 Гкал-ды құрап, "Жаға­лау-3", "Дания" тұрғын үй кешендері, №59 мектеп-лицейі, шаһардың Оңтүстік-Шығыс бөлігі, Орынбор және Тұран даңғылдары, ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандары, жаңа теміржол вокзалы, сондай-ақ, "Абу-Даби Плаза" көп функция­лы кешені жылыту желілеріне қосылды.

Биылғы жылдың бес бағыты

Биылғы тауық жылының  бес бағыты айқындалды.Қаланы дамыту бағдарламасына сәйкес  5 негізгі және 5 қолдаушы салалар анықталды. Негізгі салаларға туризм, құры­лыс кластері, қаржы орта­лығы, заманауи өндіріс және мемлекеттік басқару мен халық­аралық ұйым­дардағы қызмет көрсету секторы кіреді. Ал қолдаушы секторлар – кәсіби білім, денсаулық сақтау, сауда және логистика, креативті сектор. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы биыл жүзеге асырылатын 30 жоба белгіленді. Ал ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық шеңберінде ұзындығы 22,4 км жеңіл рельсті көлік жобасы іске қосылады. Ол бойынша тәуліктегі  жолаушылар ағыны  83 мың адамды құрайды деп көзделуде.Жеке инвесторлар есебінен жалпы сыйымдылығы 5 340 машина сыятын 10 тұрақ салынады. Қаланың кіреберіс магистралдарында әрқайсысы тәулігіне 4500 жолаушыны өткізу мүмкіндігі бар 2 жаңа автовокзал ашылады деп күтілуде. Жолаушылар көлігін жаңғыр­тудың кешенді жоспарына сәйкес қалалық автобустардың жылжымалы паркін жаңарту қарастырылмақ. 

Жалпы,  алдағы 2018 жылға дейін жоспарланған жобаға 5 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалады деп күтілуде.

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу