2016 жылғы Конфедерация кубогының жеңімпаздары белгілі болды

2092

Алматыда 2 күн бойы өткен Конфедерация қубогының жеңімпаздары анықталды. Жамбылдықтар 50 млн теңге еншіледі.

2016 жылғы Конфедерация кубогының жеңімпаздары белгілі болды

"Мен онда Қайрат Нұртас немесе Әли Оқаповтардың әндерін тыңдау үшін емес, Елдос Сметов, Асхат Житкеевтерді көру үшін бардым", – дейді 5 қыздың әкесі Қанат Өтепбердиев есімді жанкүйер.

Оның отбасында осы күнге дейін ұл болмай, 6 қыздың арасында жүрген (әйелімді қосқанда деп әзілдейді). Сондықтан болар, күрес, бокс сияқты спорт түрлерін көргенде, құдайдан ұл бала тілеп отырады екен.

"Шүкір, жасым елуден асты, қазіргі таңда қыздарымның алды тұрмыс құрған, немерелерім бар. Енді осы балапандарым ер жеткенде Елдос, Асхат ағалары сияқты мықты азаматтар болып өскенін қалаймын, сол себепті, осы Конфедерация кубогына арнайы барып, өз көзіммен көріп қайтуды ұйғардым. Жарысты ұйымдастырушыларға дән ризамын, сондай керемет күйде болдым, әншілер ренжімесін, мен Қайратты да Әлиді де сүйіп тыңдаймын, бірақ, осы күні Олимпиадашыларды өз көзіммен көріп, қатты риза болып қайттым", – деп ағынан жарылды Қанат ағамыз.

Расында да Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына бұл бәсекені тамашалауға жанкүйерлер көп жиналған, әсіресе, балалардың қарасы көп. Олай дейтініміз, біздің Олимпиадашыларымыздың жеңістерінен кейін бұл спорт түрлеріне әке-шешелерін сүйреп күреске, боксқа алып бар мені деушілер де, балаларынан болашақ чемпион көруші ата-аналардың да саны арта түскені ақиқат.

Бұйыртса болашақта ол армандарымызға да жетерміз. АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония сияқты мемлекеттермен медаль саны жағынан да жарысатын күн туар деп үміттенеміз.

Ал енді осы турнирге тоқталсақ, Конфедерация кубогы – бұл бірнеше спорт түрі бірлескен командалық турнир. Оған грек-рим, еркін күрес, таеквондо мен дзюдо және бокс кіреді. Турнирдің жүлде қоры 125 млн теңгеден асып жығылады.

Алғашқы жеңімпаз – Алматы облысының грек-рим күресшілері. Жетісулық классиктер алдына жан салмай, командалық бәсекеде қарсыластарының бәрінен басым түсті. Финалда Жамбыл облысынан келген палуандарды 5-1 есебімен ұтып кетті.

Жартылай финалда Алматы облысы Оңтүстік Қазақстан облысын 4-2 есебімен жеңсе, жамбылдықтар Солтүстік Қазақстаннан келген бәсекелестерінен басым түсті – 4-1.

Еркін күресте де Алматы облысын ешбір команда жеңе алмады. Алматылықтар ақтық сында шығысқазақстандықтарды 5-1 есебімен ойсырата ұтып, Конфедерация кубогын жеңіп алды.

Бокстан бұл кубок Маңғыстау облысына кетті. Астаналық былғары қолғап шеберлері бұл жолы маңғыстаулықтарды тоқтата алмады. Тартысты бәсеке 6-4 есебімен аяқталды.

Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы, маңғыстаулық команданың бас бапкері Марат Жакиев осымен екінші рет кубок иегері атанып отыр. Олар алғаш рет 2012 жылы чемпион атанған болатын.

Жамбыл облысының командасы да құр алақан кеткен жоқ. Олар таеквондомен қоса дзюдодан да жеңімпаз атанды. Таеквондо бәсекесіндегі финалда көршілері оңтүстікқазақстандықтардан 53-50 есебімен басым түссе, дзюдода Елдос Сметов бастаған команда Қарағанды облысының спортшыларын 3-2 есебімен жеңіп кетті. Сөйтіп, Конфедерация кубогында жамбылдықтар 50 млн теңге еншіледі.

Естеріңізге саламыз, осы турнирде жеңімпаз атанған команда 25 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу