2017 жылы БЖЗҚ-ның активтер табысы 7,9%-ды құрады

3527

Бұл үш жылдағы ең төменгі көрсеткіш, алайда реттеуші қордың инвестициялық қоржынының валюталық құрылымын айтарлықтай әртараптандырды. 

2017 жылы БЖЗҚ-ның активтер табысы 7,9%-ды құрады

2017 жылы  "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-тың (БЖЗҚ) активтер табысы елдегі жылдық инфляция 7,1% болғанда 7,9%-ды құрады. Бұл туралы abctv.kz-ке бейсенбі күні Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев мәлім етті.

Бұл үш жылдағы ең төменгі көрсеткіш, алайда зейнетақы активтерін БЖЗҚ-ға біріктіргенге дейінгі табыстан жоғары. Еске салар болсақ, егер 2013 жылы ол 2,2% деңгейінде болған болса, ал 2014 жылы ол үш есе, яғни 6,3%-ға дейін өскен. 2015 жылы табыстылық екі еседен артық, яғни 15,65%-ға дейін өскен. Бірақ та 2016 жылы 7,95%-ға дейін түскен.

БЖЗҚ мәліметі бойынша, өткен жылы қордың таза инвестициялық табысының ақшалай көрсеткіші 550,5 млрд теңге болған. Өткен жылғы зейнетақы жарналары 754,4 млрд теңге болып, 2016 жылғы деңгейден 38%-ға артық (551,9 млрд теңге) болған. Оның 720,9 млрд теңгесі халықтың міндетті зейнетақы төлемдері (МЗТ).

Осының нәтижесінде 2017 жылы зейнетақы жинақтарының көлемі 16,4%-ға өсіп, 7,78 трлн теңгеге жеткен. Аймақтар бойынша барлық зейнетақы жинақтарының 40%-ға жуығы Алматы (активтердің 20,2%-ы немесе 1,54 трлн теңге) және Астана (9,8% немесе 749 млрд теңге), сондай-ақ Қарағанды облысында (8,8% немесе 669 млрд теңге) жинақталған.

2017 жылы міндетті зейнетақы төлемдері бойынша жинақтардың орташа көлемі бір жеке зейнетақы шотында   809,7 мың теңге болған. Аймақтар бойынша ең жақсы көрсеткіштер Маңғыстау (бір зейнетақы шотының орташа көлемі –1,59 млн теңге) және Атырау облыстары (1,33 млн теңге) тұрғындарында, сондай-ақ Астанада тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан (519 мың теңге), Жамбыл (555 мың теңге) және Солтүстік Қазақстан (600 мың теңге) облыстарында болған.

БЖЗҚ-ның инвестициялық қоржынының валюталық құрылымы айтарлықтай әртараптанды. Мемлекеттік құнды қағаздардың үлесі 2,6 пайыздық көрсеткішке, барлық активтердің 46,14%-ына дейін өскен. Шетелдің валюталық облигацияларының үлесі 2,2 есе өсіп, қор активтерінің  12,2%-на жетті. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, банктерге облигациялар мен салымдар арқылы салынатын қаражат, 25%-ға, сонымен қатар ұлттық компаниялардың облигациялар көлемі де (10,2%-ға дейін) қысқарған.

2017 жылдың Ұлттық банктің зейнетақы активтерін басқару үшін комиссиялық сыйақысы 44,78 млрд теңге болған, бұл 2016 жылғы деңгейден төрт есе аз. Көрсеткіштің түсуі БЖЗҚ-дан түсетін "инвестициялық табыстың" басқарушы сыйақысының үштен бірінің қысқаруына байланысты болды.

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу