2019 жылы инфляция Ақышевтың күткенінен асып кетуі мүмкін

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4055

Оны бас банкирдің өзі де мойындап отыр.

2019 жылы инфляция Ақышевтың күткенінен асып кетуі мүмкін

"Қазақстан Ұлттық банкі өз құзыреті шегінде инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастырады", –деп мәлімдеді Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев.

Өз сөзінде ол орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін ақша-кредит және бюджеттік саясаттың үйлесімділігі қажет екендігін атап өтті. "Жүргізіліп отырған ақша-несие саясатында Қазақстан Ұлттық банкі республикалық бюджет шығыстарының айтарлықтай бөлігін қаржыландыратын Ұлттық қордан трансферттің көлемін де ескереді", – деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы өз құзыреті шеңберінде инфляцияны таргеттеу саясатын жүргізуді жалғастыратынын да атап өтті.

"Инфляция бойынша 2019 жылға арналған нысаналы бағдар жаңа, 4-6% дәлізінде белгіленді. Бұл дәліз республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерінің индекстеу өлшемдерін есептеу кезінде пайдаланылды. Болашақта Қазақстан Ұлттық банктің шаралары инфляцияны 2020 жылы 4%-дан төмендетуге бағытталады", – деген Ақышев алдағы жылы теңгенің құнсыздануы жылдық 4 пайыздан да асып кетуі мүмкін екенін жасырмады.

Оның айтуынша, инфляцияның төмендеуін қамтамасыз ету қажеттілігі жағдайында негізінен ақша-кредит саясатының пайыздық арнасы іске қосылады.

"Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі негізгі құрал ретінде сақталып, ақша нарығындағы мөлшерлемелердің дәлізін анықтайды. Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер қабылдаған кезде ағымдағы және болашақтағы инфляцияға қатысты тәуекелдер бағалауын жүргізеді, сондай-ақ төлем балансының жай-күйін анықтайтын сыртқы және ішкі факторлардың серпінін қадағалайды", – деді Бас банктің төрағасы.

Ақышев атап өткендей, 2018 жылғы 10 айда инфляция 3,7%-ды құрады. Жылдық инфляция 2018 жылғы қазанда 5,3%-ға дейін төмендеді. Бұл 2015 жылғы қазаннан бері ең төмен көрсеткіш. Базалық мөлшерлеменің ағымдағы 9,25% деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттыруға және ақша-несие жағдайларын қолайлы деңгейде сақтауға мүмкіндік береді.

"Қазақстан Ұлттық банкі қандай да бір бағдарды белгілеместен өзгермелі айырбастау бағамы режимін сақтайды. Айырбастау бағамы еліміздегі төлем балансы жағдайына қарай қалыптасады, яғни шетел валютасының ішкі нарыққа түсімі мен жылыстауының теңгерімі әсеріне байланысты болады. Бұл сыртқы күйзелістерді азайтуға мүмкіндік береді", – деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, айырбастау бағамы бойынша қысқа мерзімді тәуекелдер жаһандық қаржы нарықтарындағы белгісіздік және негізгі сауда әріптес елдерінің валюта бағамдары жағдайының нашарлауы болып табылады.

"2019 жылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасады. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін тәуекелге бағдарланған жаңа көзқарас жоғары тәуекелді саясатын жүргізетін банктерге қойылатын талаптарды күшейтеді. Тиісті заң және қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Осылайша, банктердің капиталдандыру деңгейіне және тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптар күшейеді", - деп түсіндірді Ақышев.

Ол банк секторын қалыпқа келтіру процестері және реттеу мен қадағалаудың жаңа тәсілдерін енгізу банк салымшылары үшін тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді деп атап өтті. Бұдан басқа, баланстарды нашар кредиттерден тазарту және капиталдандырудың өсуінің арқасында банктер несиелеуді жандандырды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 10 айда жаңа несиелер беру көлемі 25%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге өсті.

"7-20-25" бағдарламаның іске асырылуы жалғасады. Сондай-ақ банктерге экономиканың басым салаларын несиелеуге арналған 600 млрд теңге көлемінде ұзақ мерзімді өтімділік беріледі. Біздің бағалауымыз бойынша бұл 2019 жылы несиелеудің 10%-дан астам өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Ақышев.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу