2019 жылы ұлттық валютамыздың долларға шаққандағы бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Қаңтар айында бір доллар 384 теңгеге бағаланса, күздің басында 390 теңгеге дейін құнсызданды. Жыл соңында ұлттық валюта 378 – 380 теңге көлемінде нығая түсті. Теңге бағамы 2020 жылы қалай өзгереді? Inbusiness.kz тілшісі көпшілікті толғандырған бұл сауалдың жауабын сарапшылардан сұрады.
Өтіп бара жатқан жылы доллар бағамын дәл болжаған тәуелсіз сарапшы Айдархан Құсайынов алдағы жылы да айтарлықтай өзгеріс болмайды деп есептейді. Сарапшының пікірінше бағам 390 теңгенің айналасында тұрақтайды.
"Тек 10 теңгеге ауытқу болуы мүмкін. Елімізде парламент сайлауы және басқа да саяси өзгерістер болса да ол доллар бағамына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Өйткені елдің даму саясаты анықталып қойған. Ірі өзгерістер болмайды. Доллар бағамы осы күйінде қалады", –
дейді Айдархан Құсайынов.
Сонымен қатар сарапшының сөзінше, доллар бағамының тұрақты болуы әлемдік экономикадағы өзгерістерге байланысты.
"Жаһандық экономика әдетте дамиды, кеңиді немесе бұл процестер тоқтайды. Ал қазір ол өте осал күйде. Сондықтан әлем елдері тұрақтылық күйін бұзып алуға қорқып отыр. Бұл үлкен өзгерістердің алдындағы тыныштық болуы мүмкін. Жалпы алғанда 2020 жылы барлығы қалыпты өрбиді", –
деп болжайды сарапшы.
"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев та 2020 жылы теңге бағамы тұрақты болатынын айтады. Сарапшының пікірінше ұлттық валюта ағымдағы жылы нығая түскен. Сондықтан бағам айтарлықтай құбыла қоймайды.
"2019 жылы ұлттық валюта дұрыс бағаланбай келді. Сыртқы нарықтағы мұнай мен экспорттық шикізат бағасының жоғары болуына қарамастан, теңге нығая қоймады. Ұлттық банк теңгені 360-370 теңгеге дейін түсірмей, осы қалпында ұстап тұрғаны дұрыс болды деп есептеймін. Соның нәтижесінде сыртқы нарықтағы жағымсыз жағдайларға қарамастан, ұлттық валюта төмендемей, нығая түсті. Мәселен, күздің басында әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеп, рубль құнсызданды. Бұл жағдайда Ұлттық банк теңге бағамын бір қалыпта ұстай білді. Теңге долларға шаққанда 390-нан төмендеген жоқ. Нәтижесінде қазір ұлттық валютаның девальвацияға ұшырауы мүмкін емес және оның құнсыздануына қарағанда, нығаю мүмкіншіліктері жоғары", – дейді Мұрат Қастаев.
Сарапшының сөзінше 2020 жылы теңге бағамы 370-410 теңге дәлізі шеңберінде ғана өзгереді.
"Жылдың бірінші жартысында теңге нығая түседі, ал екінші жартысында аздап құнсызданады. Ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 450-500 теңге деңгейінде болады деген болжамдар мүмкін емес. Әйтсе де әлемдік нарықта тосын жағдайлар орын алу мүмкіндігін ешкім жоққа шығармайды. Алайда оны алдын ала болжау мүмкін емес. Ал әзірге 2020 жыл тұрақты болады деп болжап отырмын", – дейді Мұрат Қастаев.
Бұл ретте экономист Арман Байғанов керісінше келер жылы теңге құнсызданады деген пікірде.
"Америка валютасы теңгеге шаққанда қымбаттайды. Оған себеп ЕАЭО елдері арасында Қазақстанда кері сауда сальдосы қалыптасқан. Ресей рубльінің қысымы теңге бағамына әсер етеді. Девальвациялық қатер бар. Жыл сайын орта есеппен теңге 5-8%-ға құнсызданады. Нәтижесінде көгілдір отын бағасы қымбаттайды. Ресей рубльінің нығаюы теңгеге жағымсыз әсер етеді. Соған қарамастан ұлттық валюта 10-15-20%-ға құнсызданады деп ойламаймын. Тек 5-10 % пайыз төңірегінде өзгереді. Алайда мұнай мен басқа да ресурстардың бағысының өсуі бюджетке қосымша қаржы тартып, теңге бағамын тұрақтандыруы мүмкін",-деп түйіндеді экономист.
Естеріңізге сала кетсек, соңғы 20 жылда доллар бағамы сан рет өзгерді. 1999 жылы бір доллар 85 теңгеден 130-140 теңгеге көтерілді. Ал 2009 жылы 120 теңгеден бірден 150 теңгеге құнсызданды. 2014 жылы ұлттық валюта 150 теңгеден 185 теңгеге қымбаттады. Ал 2015 жылдың тамыз айында елімізде ұлттық валюта еркін айналымға жіберіліп, 19 тамыз ұлттық валюта бір долларға шаққанда 188 теңгеге тұрақтады. Ал 20 тамыз күні бірден 255 теңгеге құнсызданып, жылды 340 теңгемен қорытындылаған. Ал 2019 жыл теңге бағамының тұрақтылығымен есте қалатын болды.
Құралай Құдайберген