2021 жылы ел экономикасы дағдарысқа дейінгі қалпына қайта келеді

4678

Бұл – ЕАЭО елдері арасындағы ең жақсы болжам. 

2021 жылы ел экономикасы дағдарысқа дейінгі қалпына қайта келеді

Әлемдік экономика коронавирус салдарынан болған дағдарыс кезінде үлкен шығынға ұшырады. Finprom.kz мәліметінше, жаһандық дамудың баяулағанына қарамастан, Қазақстан экономикасының нақты секторы өсіп келеді. Мәселен, халықаралық қаржы ұйымдарының 2020 жылға арналған жаңартылған болжамына сәйкес әлемдік экономиканың өсу қарқынының төмендеуі -4,4%-дан -7,6%-ға дейін бағаланады. Хлықаралық валюта қоры биылғы дағдарысты 1930 жылдардағы Ұлы тоқыраудан кейінгі ең ауыр дағдарыс деп атап өтті. Жалпы, ХВҚ 194 елдің 157-сі рецессияға ұшырайды деген болжам жасаған еді.

Дағдарыстың жағымсыз салдары Қазақстан экономикасын да айналып өткен жоқ. Дегенмен, ЕАЭО елдерімен салыстырғанда Қазақстан мен Беларусь экономикасы басқаларына қарағанда аз зардап шекті. Еуразиялық даму банкі есебінше, 2020 жылы Қырғызстан экономикасы — 7,5%, Армения — 6,4%, Ресей — 4%, Қазақстан — 3%, Беларусь — 1,5% қысқарады. Сонымен қатар, ЕАЭО елдері арасында дағдарысқа дейінгі деңгейге  ІЖӨ-нің толық қалпына келу процесі ең алдымен 2021 жылдың екінші жартысында Қазақстанда жүзеге асады деп болжанып отыр. Ал Ресей, Қырғызстан және Армения — 2022 жылдың бірінші жартысында, Беларусь — 2023 жылы дағдарысқа дейінгі деңгейге жетпек.

Халыққа және бизнеске мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдау көрсету шараларының арқасында Қазақстан экономикасы аса үлкен зиян шеккен жоқ. Елде дағдарысқа қарсы шараларға шамамен 6 трлн теңге немесе ІЖӨ-нің 9%-ы бөлінді.

Мемлекеттік қолдау шараларының бұл көлемі әлемдегі ең ірі әрі дамыған елдердің көрсеткішіне пара-пар. Мысалы, Ресейде дағдарысқа қарсы шаралар жиынтығы ІЖӨ-нің 4,5%-ын ғана құрады, бұл Қазақстанмен салыстырғанда екі есе аз.

Дағдарысқа қарсы шаралар негізінен шағын және орта бизнесті қайта қалпына келтіруге және кәсіпорындардың тоқтап қалуын болдырмауға, сондай-ақ дамыған және дамушы елдердің халықаралық тәжірибесіне сай жұмыссыздықты ауыздықтауға бағытталды.

Пандемия басталғалы бері еліміздің Ұлттық банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің несиелері төлемдерін 90 күнге кейінге қалдыру жөнінде шешім шығарды. Одан кейін банктердің ішкі қайта қаржыландыру бағдарламалары немесе мемлекеттік үш бағдарлама аясында зардап шеккен кәсіпкерлерді қайта қаржыландыруды көздейтін жаңа ереже қабылданды.

Сондай-ақ, елде "Қарапайым заттар экономикасы" мен кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беру бағдарламасы сынды мемлекеттік бағдарламалар да бар.

Ұлттық Банк 2020 жылдың 27 қазан күні шығарған шешімімен Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізді. Бұдан былай ірі бизнеске де несие беріледі. Осы мақсатта қосымша 200 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Ұлттық банктің қаржыландыруы арқылы тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету жалғасып жатыр. 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында республикалық бюджет қаражатына қосымша Ұлттық банк кәсіпкерлік қызмет және жұмыспен қамтуды қолдау жөнінде дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға 600 млрд теңге бөлді. Ұлттық банк жалпы сомасы 2,3 трлн теңге болатын бағдарламаларды қаржыландыруда.

Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шаралары COVID-19 пандемиясының жағымсыз әсерін жоюға ықпал етуде. Іске асқан шаралардың арқасында жаһандық дамудың баяулағанына қарамастан, елімізде іскерлік ортаның белсенді бола түскені байқалады әрі экономиканың нақты секторы қайта қалпына келе бастады. Биылғы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша құрылыстағы өсім 10,7%, ақпарат және байланыс саласында — 8,2%, ауыл шаруашылығында — 5,2%, өңдеу өнеркәсібінде — 3,2% болды. Өңдеу өнеркәсібінде өсімнің жеделдеуі байқалды. Фармацевтика 40%, жеңіл өнеркәсіп 16%, машина жасау 17%, автомобиль жасау 54%-ға дейін қарқын алды.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу