Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
"Қазақстан экономикасы 2022 жыл бойы инфляциялық қысымның өсуі жағдайында жұмыс істеді. Жыл соңына қарай инфляция өз шарықтау шегіне жетіп, 20,3%-ды құрады. Инфляцияның өсуіне бірқатар факторлар, соның ішінде ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сұраныстың артуы, сондай-ақ мигранттар ағынына байланысты тауар тапшылығы себеп болды. Инфляцияның өсуіне негізгі үлесті азық-түлік өнімдері, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қосуда", – деді министр.
Бұл ретте Әлібек Қуантыров 2023 жылдың негізгі трендтерін тізімдеді.
Олардық қатарында:
- жаһандық инфляцияның орташа жылдық деңгейінің 2022 жылғы 8,8%-тен 2023 жылдың 6,6%-ке дейін төмендеуін;
- экономиканың жаһандық өсуінің жартысына жуығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Қытай нарығының ашылуын;
- орталық банктердің базалық мөлшерлемелерді көтеруін;
- жаһандық жеткізу тізбегіндегі кедергілердің әлсіреуін;
- сондай-ақ, геосаяси шиеленістің сақталуын атап өтуге болады.
"Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған бекітілген Кешенді жоспар 67 іс-шарадан тұрады. Оның 20-сы орындалып, 47 іс-шараның іске асырылуы 2023 және 2024 жылдары жалғасады.
Шаралар кешенін өзектендіру шеңберінде Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге, негізінен, өнім өндіруді ұлғайтуға бағытталған 46 жаңа шара әзірледі", – деді ведомство басшысы.
Үкімет өз алдына инфляцияны нысаналы дәліз шекарасында ұстап тұру және тауарлар тапшылығына жол бермеу міндетін қойып отыр. Жаңартылған іс-шаралар кешені 5 бағыт бойынша іске асырылып, өндіріс көлемін арттыруды, тауарларды сақтауды, логистиканы, бөлшек сауданы, бағаны белгілеудегі бақылауды, монополияға қарсы әрекеттерді және сыртқы сауданы реттеуді көздейтін, сондай-ақ басқа да жүйелі 93 жедел және орта мерзімді сипаттағы шараны қамтиды.