2023 жылы Астана бюджеті шығындарының 49%-ы әлеуметтік салаға жұмсалмақ

1461

Астана қаласының бюджет жобасы Республикалық бюджет Кодексінің негізінде қаланың 5 жылдық кезеңіне арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген.

2023 жылы Астана бюджеті шығындарының 49%-ы әлеуметтік салаға жұмсалмақ Фото: egemen.kz

Астана қаласы, Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев "2023-2025 жж арналған Астана қаласы бюджетінің" жобасын Мәслихаттың  әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының назарына ұсынды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Бюджет жобасына сәйкес, 2023 жылы қаланың өз кірісі есебінен бюджетке түсетін түсім 527 млрд 351 млн теңге болады деп болажанып отыр. Соның ішінде салық түсімдері 524 млрд 536 млн теңге, салықтан тыс түсімдер 415 млн теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсім 2,4 млрд теңгені құрамақ. 

Сонымен қатар Қайсар Маңқараевтың дерегінше, қала бюджетіне бұған дейін 113 ірі кәсіпорыннан түсіп келген 60 млрд теңге корпоративті табыс салығы енді республикалық бюджетке түсетін болады. Сондай-ақ микро және шағын бизнес субъектілерінен жеңілдетілген салық режимі бойынша салық түсімдері қайта жанданады. Ол бойынша қала қазынасына 20 млрд теңге шамасында түсім түседі деп болжанып отыр. 

Жергілікті үш жылдық бюджеттің шығыстары 1,688 трлн теңге деп жоспарланып отыр. 2023  жылы бұл көлем 527 млрд 351 млн теңге болады деп күтілуде. 

Сондай-ақ қала бюджетіне республикалық бюджеттен мақсатты транферт тарту көзделген. Оның көлемі  139,2 млрд теңге, соның ішінде 2023 жылы 102,3 млрд теңге болмақ. 

Бюджет туралы заңға сәйкес, Астана қаласы 2023 жылы республикалық бюджетке 75,6 млрд теңге бағыттауы тиіс. 

Бюджет жобасында әлеуметтік сала шығындары 258,3 млрд теңге немесе жалпы бюджет көлемінің 49%-ын құрайды. 

Қаладағы Дене шынықтыру және спорт саласының шығыстарына 3 жылға 48 млрд 466 млн теңге жоспарлануда, 2023 жылы ол сома  16 млрд 561 млн теңгені құрамақ. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 14 млрд 625 млн теңге, трансферт есебінен 1 млрд 935 млн теңге жұмсау көзделіп отыр. 

Спорт саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға 2023 жылы 484,7 млн теңге, спорттық шараларды өткізуге 667,3 млн теңге, құрама командаларды республикалық және халықаралық жарыстарға түрлі спорт түрлері бойынша дайындауға 4,5 млрд теңге. Ал балаларды спортқа қосымша баулу мақсатында 6,8 млрд теңге бөлінбек. 

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 2023 жылғы шығыстары 17,2 млрд теңгені құрамақ. Мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша 200,6 млн теңге жұмсау көзделген. Ана мен бла өмірін сақтау бойынша 665 млн теңге жоспарланған. Салауатты өмір салты бағдарламасын насихаттауға елорда әкімдігі 2023 жылы 135 млн теңге жұмсамақ. Денсаулық саласындағы ақпарат-сараптамалық қызметке 132 млн теңге жұмсау жоспарлануда. Вакцина және өзге де сырқаттың алдын алу үшін қажетті дәрілерді сатып алуға 2,5 млрд теңге, медициналық мекемелердің капиталды шығындарына 8,2 млрд теңге қарастырылған. Кепілдік берілген тегін медициналық көмекті көрсетуге 2,2 млрд теңге жұмсалмақ. 

Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының шығындарына алдағы жылы 22,6 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлануда. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 11,6 млрд теңге, жалпы сипаттағы трансферт көлемі 10,9 млрд теңгені құрамақ. Әлеуметтік қорғау бағытындағы шығындар халықтың қорғалмаған тобын әлеуметтік қамтуға бағытталмақ. Мүгедектердің орталықтандырылған базасының мәліметтеріне сәйкес, Астана қаласында 30 000 мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 7188-і балалар. Әлеуметтік көмекпен 152 566 адам қамтылған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының шешімімен 30 түрлі әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2023 жылы бұл мақсатқа 3,3 млрд теңге бөлінетін болады. 

Ал еңбекпен қамту бағдарламасына 2023 жылы 3,7 млрд теңге қарастырылған. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы бойынша 2,1 млрд теңге жұмсалады. Мүгедектерді әлеуметтік қолдауға 2,2 млрд теңге жоспарланып отыр. 

Астана қаласының білім беру саласына 2023 жылы 186,9 млрд теңге жұмсау көзделген. Оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге 34,2 млрд теңге, техникалық, кәсіби, жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беруге 14,3 млрд теңге, елордадағы 91 мектептегі жалпы білім беруді қамтамасыз ету үшін 30,5 млрд теңге жұмсау жоспарланып отыр. Арнайы білім беру мектептерінде дарынды балаларға білім беру мақсатында 3,5 млрд теңге бөлу көзделген. Балаларды қосымша біліммен қамтуға 6,5 млрд теңге қарастырылған. Балаларға психо-педагогикалық көмек көрсету мақсатына 238 млн теңге жұмсалмақ. Дамуында ақауы бар балаларды бейімдеуге 1,3 млрд теңге бөлу көзделген. Балалар үйі және өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдауға 271 млн теңге бөлінбек. Мамандарды қайта даярлау және біліктілігін көтеру мақсатын 2,5 млрд теңге қарастырылмақ. Орта білім беру мекемелерін жан басына шаққандағы қаржыландыру мақсатына 75,2 млрд теңге жұмсалады, оның 39,7 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферт есебінен қамтылмақ. 

Мәдениет басқармасының 2023 жылғы шығыны 10 млрд 854 млн теңгені құрамақ. Қаладағы мәдене демалысты қамтамасыз етуге алдағы жылы 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалмақ. Тарихи-мәдени мұраны сақтау бағдарламасы бойынша 581 млн теңге қарастырылмақ. Қалада театр және музыка өнерін қолдауға 4,877 млрд теңге бөлінбек. Қаладағы кітапханалдардың жұмысын қамтамасыз етуге 551 млн теңге қарастырылған. 

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына 2023 жылы қала бюджетінен 663 млн теңге жұмсалмақ. Тілдер мен архив ісі саласында жергілікті деңгейде мемлекеттік саясатты насихаттау бағдарламасына 160 млн теңге қарастырылмақ. Мемлекеттік тілді және Қазақстан халықтарының өзге де тілдерін дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға 265 млн теңге көзделуде. Архив қорын сақтауды қамтамасыз ету үшін 236 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу