2024-те Путин премьер?

5017

Ресей президенті конституцияға өзгеріс енгізіп, үкімет басшысының билігін күшейтуді ұсынды.

2024-те Путин премьер?

Президент Владимир Путин сәрсенбі күні премьер-министрдің отставкасын қабылдады. Мұның алдында ол конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынды. Кейбір бақылаушылардың ойынша, осылайша Кремль басшысы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін Ресейдің саяси сахнасынан кетпейтінін аңғартып отыр.

РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев 2008-2012 жылдары президенттік орынды сақтаушы ретінде де қызмет етті. Содан кейін Путин билікке қайта оралды. Медведев телеарналарға берген комментарийінде өз басшысы үкіметке өзгеріс ұсынып отырғанда, отставкаға кетуді жөн деп тапқанын атап өтті.

Путин болса, оған жұмысы үшін алғыс білдіріп, президенттің қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары етіп тағайындады.

Халыққа үндеуінде Путин конституцияға өзгеріс енгізіп, депутаттарға премьер-министр мен  үкімет мүшелерін таңдауға рұқсат беруді ұсынды. Қазір Ресейде министрлер кабинеті мен оның жетекшісін тағайындау құзыретіне президент қана ие.  

"Бұның нәтижесінде парламент пен парламенттік партиялардың рөлі және премьер-министр мен кабинет мүшелерінің дербестігі мен билігі артады", – дейді үкімет мүшелері мен депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.

Дейтұрғанмен, Путин Ресейдің парламенттік басқару жүйесі аясында тұрақты мемлекет бола алмайтынын да ескертіп өтті. Тағы бір сөзінде ол президент премьер-министр мен министрлік басшыларын орнынан босату, қорғаныс және қауіпсіздік органдарының жоғары лауазымды қызметкерлерін тағайындау, Ресей армиясы  мен құқық қорғау органдарының қызметтеріне жауап беру құқықтарын сақтап қалуы тиіс деп мәлімдеді.  

Сонымен қатар, РФ лидері конституциялық өзгерістер жалпыхалықтық дауысқа салынуы қажет деп санайды.

Оның қазіргі өкілеттігі 2024 жылы аяқталады. Сондықтан, кейінгі кездері Ресейдің саяси элитасы арасында Путиннің болашақ жоспарларына қатысты гу-гу әңгіме көбейген.  

67 жастағы Путин 20 жылдан бері билік етіп келеді – Сталиннен кейін Кеңес одағында немесе Ресейде бірде-бір лидер одан ұзақ басшылық еткен жоқ. Қатарынан екі рет қана президент болуға рұқсат беретін бүгінгі заңға сәйкес, Путин осы мерзімі аяқталғаннан кейін орнынан кетуі керек.

"...бір ғана мақсаты – билікте өмір бойы қалып..."

Саяси сарапшы Кирилл Роговтың айтуынша, Путиннің жаңа ұсынысы оның тағы да билікте қалып, үкіметтегі посттарды қайта бөлу ниетін көрсетіп берді.

"Мұндай модель Қытайды еске салады. Ол Путинге басшылық тізгінін тағы ұзақ ұстауға және бір жағынан өзінің потенциалдық ізбасарлары арасында бәсекелестікті қолпаштауға мүмкіндік береді", – дейді Рогов Facebook парақшасындағы жазбасында.

Ресейдің ең әйгілі оппозиция лидері Алексей Навальный "Твиттерде" жазғандай, Путин осы сөзі арқылы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін де "атуды жалғастыратынын" аңғартып отыр.

"Путин мен оның режимінің бір ғана мақсаты – өмір бойы билікте қалып, бүкіл елді өзінің жеке активі ретінде ұстап, мемлекет байлығын өзі мен достары үшін иемдену", - дейді Навальный.

 Путин 2000-2008 жылдары екі мерзім президент болды. Содан кейін ол төрт жыл үкімет басқарды. Медведев оның президенттік орнын суытпай, бір ғана мерзім басшылық етіп, кейін премьер-министрлік постқа тағайындалды. Айта кетсек, Кремльдің төрінде отырғаннан кейін, Медведев президенттік мерзімді төрт жылдан алты жылға дейін ұзартқаны мәлім.

Путин Медведевтің президенттігіне әрдайым разы болған жоқ. Ол Медведевті Батыс елдерінің 2011 жылы Ливияда әуе компаниясын жүргізуіне және олардың диктатор Муаммар Каддафиді биліктен құлатып, өлтіруіне жол ашқаны үшін қатаң сынады.

Медведевтің бір мерзімнен кейін орнынан түсіп, Путиннің президенттікке қайта оралуына мүмкіндік беруі 2011-2012 жылдары Мәскеуде ауқымды шерулерге себеп болып, Кремльге қауіп төндірді.

Не премьерлік, не кеңес басшысы

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, 2024 жылы биліктен кеткеннен кейін Путин премьер-министр лауазымын иеленіп, парламент пен үкіметтің пәрменін арттырып, президенттік билікті шектеуді көздеп отыр.

Саяси сарапшы Дмитрий Орешкин Путиннің сәрсенбідегі мәлімдемесі оның премьерлікке ұмтылысын сөзсіз айқындап берді деген пікірде.

"Путин өз билігін біршама күштірек әрі ықпалды премьер-министр лауазымы арқылы сақтап, президенттік постты декоративті етуге ниетті", – дейді Орешкин "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Өзге бір пікірлерге жүгінсек, Путин Беларусьті Ресейге қосып, 2024 жылдан кейін одақ басқаруды жоспарлап отыр. Алайда президент Александр Лукашенко мұндай перспективадан бас тартқаны белгілі.

Және де осы жолдауында, Путин құрамына аймақтық губернаторлар мен федералдық ірі шенеуніктер кіретін Мемлекеттік кеңестің өкілеттігі де конституцияда көрсетілуге тиіс деп атап өтті. 

Осыған қарап, кейбір сарапшылар Путин төрт жылдан кейін осы кеңесті басқарып, жұмысын жалғастыруы мүмкін деген теорияны алға тартып отыр.

Халықаралық заңдардан үстемдік, демография, қорғаныс

Путиннің сөзінше, конституцияға өзгеріс енгізу елге халықаралық заңдар алдыңда артықшылық береді.

 “Халықаралық заңдар мен келісімдердің талаптары және халықаралық органдардың шешімдері Ресей территориясында адам құқықтары мен бостандықтарын шектемегенде, конституцияға қайшы келмегенде ғана жарамды санала алады", – дейді Путин.

Бұған қоса, ол конституцияға үкіметтің жоғары лауазымды шенеуніктерінің шетел азаматтығын алуына немесе олардың өзге мемлекетте тұруына рұқсат бермеу туралы өзгеріс енгізілуге тиіс деді.

Осы жолғы үндеуінде Путин балалы отбасыларға қосымша субсидия ұсына отырып, халық санын өсіру қажеттігіне де тоқталды.

Ресей лидерінің мәлімдеуінше, РФ өзінің потенциалдық қауіпке төтеп беретін қуатты қорғаныс мүмкіндіктерін сақтай отырып, әлемнің барлық елдерімен ынтымақтастық орнатуға әрдайым әзір. Оның ескертуінше, жаңа қару жүйесі Ресей қауіпсіздігін "алдағы ондаған жылдар бойы" қорғауға қауқарлы екен.

"Тарихта алғаш рет, біз біреуді қуып жетуге тырысып жатқан жоқпыз. Керісінше, өзге жетекші державалар біз жасап қойған қаруды әлі жетілдіре алмай отыр", – дейді Ресей президенті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу