Ресми мәлімет бойынша Қазақстан азаматтарының онлайн алаяқтыққа қатысты қаржылық сауаттылығы ғаламат қарқынмен артып келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қаржы нарығын реттеу агенттігіне тиесілі FinGramota порталы жүргізген әлеуметтік зерттеулер мынаны көрсетіпті: бейтаныс адамдардың ұсыныстарын алаяқтықтан немесе қаржылық пирамида схемаларынан ажырата алатын қазақстандықтардың үлесі артқан көрінеді.
Егер 2024 жылы "қаржылық сауатты" деп танылған азаматтар сауалнамаға қатысқандардың 50,6%-ын құраса, 2025 жылы үлесі 62,9%-ға жеткен. Алданғанын түсінген адамдар не істеген? Басым көпшілігі немесе 41%-ы қылмыскерлермен телефонмен тілдесуді немесе онлайн байланысын дереу тоқтатуға тырысты.
Ал, алаяқтарға тап болғандардың небары 20,7%-ы полицияға арыз түсіріпті. Яғни, сарапшылар байламынша, құқық қорғау органдарына сенім жоғары емес: халықтың көбі олардың алаяқтарға қарсы бір қауқар танытарына сенбейтін көрінеді. Өйткені 79,3 пайызы шағымданбаған.
"Қаржылық сауаттылық артты" деген тұжырымға басқа бір дерек қарама-қайшы келеді: Finprom мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2025 жылы онлайн алаяқтықпен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың рекордтық саны тіркелді.
Әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, 2025 жылы интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрі фишинг (дербес деректерге қол жеткізіп, қылмыстық мақсаттарда пайдалану) болды. Бұл туралы респонденттердің 52,2%-ы хабарлады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда төрттен бірге (24%) көп!
Дегенмен, құзырлы органдардың деректері халықтың пікірінен өзгешелеу. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебінше, 2025 жылдың қаңтар-қарашасында интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрі "фишинг" (voice phishing – дауысты фишинг, яғни, телефон алаяқтығы), сондай-ақ банктерден, құқық қорғау органдарынан "түскен" жалған SMS хабарламалар болды.
Бұл кезеңде тіркелген бүкіл қылмыстық құқық бұзушылықтың 23,5%-ы, 6 200 жағдай қазақстандықтардан дербес деректерін заңсыз иеленудің осындай әдістеріне қатысты болды. 2024 жылдың қаңтар-қарашасымен салыстырғанда мұндай қылмыстар бірден 2,2 есеге (!) өсті.
Интернет алаяқтық түрлерінің ішінде екінші орынға "жоқ тауарлар мен қызметтерді жалған саудалау" шықты: жалпы санның 20,3%-ы немесе 5 300 инцидент. Ал, ресми статистикада үштікті фишинг тұйықтады: барлық жағдайдың 18,5%-ын сол құраған.
"Жалпы алғанда, 2025 жылдың 11 айында құқық қорғау органдары тек интернет-алаяқтықпен байланысты 26 300 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Бұл 2024 жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда 20,3%-ға және 2019 жылмен салыстырғанда 3,4 есеге көп! Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Мұның бәрі бір жағынан, қылмыстың осы түрінің тоқтаусыз өсіп бара жатқанын, екінші жағынан, құқық қорғау органдарына шағымданған жәбірленушілер санының арта бастағанын да көрсетеді", – деп назар аудартты Finprom.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, интернет-алаяқтыққа қатысты тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өсуде:
- 2019 жыл – 7,8 мың;
- 2020 жыл – 14,2 мың;
- 2021 жыл – 21,4 мың;
- 2022 жыл – 20,6 мың;
- 2023 жыл – 21,8 мың;
- 2024 жыл – 22,9 мың;
- 2025 жылдың 11 айы – 26,3 мың.
Демек, 2020 жылдан бері Қазақстанда интернет алаяқтардың дәуірі туындап, үстемдік құруда. Бұл туралы тұтас фильмдер түсіре бастады.
Адамдардың онлайн алаяқтарға алданғаны жөнінде полицияға жиірек жүгіне бастауының себептері түсінікті. Өйткені әлгіндегі статистика көрсеткендей, соңғы жылдары алаяқтар сазға отырғызып кеткен адамдардың саны да еселеп өсті. Құрбандардың қаржылық шығындары да салмақты бола түсті.
Бір ғана Бас прокуратура комитетінің мәліметінше (ІІМ-нің тиісті статистикасы бөлек), интернет алаяқтар 2025 жылдың қаңтарынан қарашасына дейінгі аралықта 11,2 миллиард теңгені алдап алған. Бұл – бүкіл 2024 жылғы көрсеткішке (11,4 миллиард теңге) барабар. Көп жағдайда қаскөйлер жеке тұлғаларды сан соқтырды: жалпы соманың 96,7%-ын солардан алып кеткен. Сирек кездесетіні – алданған кәсіпкерлер (2,4%) және мемлекеттік ұйымдар (1%).
Өткен жылдың күзінде мемлекеттің тапсырысымен түсірілген режиссер Ринат Балғабаевтың "Қоңырау" деректі фильмі көрсетілді. Онда спикер болған ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы онлайн алаяқтардың келтірген шығыны 29 миллиард теңгеден асты.
Деректі фильмде алаяқтықтың құрбаны болып, көп ақша жоғалтқан азаматтардың шынайы хикаялары баяндалады. Онда алматылық әйелдің драмасы бар, оның сюжеті РФ халық әртісі Лариса Долинаның жаһанға жария болған оқиғасына ұқсас: жалған полиция қызметкерлері егде жастағы әйелге хабарласып, бар мүлкінен айырғалы тұрғанын мәлімдеп, үрейін ұшырады. Алдын алу үшін тегін көмек ұсынды.
Барлық жинағын "алаяқтар қол жеткізе" алмайтын, "мемлекет қорғауындағы қауіпсіз шотқа" аудару қажеттігіне сендірді. Алматы тұрғыны дүние-мүлкінен айрылып қалмауы үшін екі пәтерін және бір көлікті дереу сатып, тапқанын тегіс алаяқтар көрсеткен шотқа енгізді. Зейнеткер баспанасыз, далада қалды.
Келтірілген жағдай deepfake-қоңыраулар көмегімен жасалатын алаяқтық санатына жатады. Мұндай қылмыстар әдетте, әлеуметтік инженерия арқылы жүзеге асырылады, ұзаққа созылады. Қылмыскерлер қорқыту, доқ көрсету, психологиялық қысым арқылы құрбанды әбден жаңылыстырады, тек өзі ұсынған жалғыз жол ғана қалғанына сендіреді.
Тіпті жәбірленушінің смартфонын толығымен қашықтан басқаруға алады: соның кесірінен ол мысалы, өз телефонынан полицияға хабарласса, жолай байланысты алаяқтар "тұтып" алып, құқық қорғау органдары атынан сөйлесуі мүмкін. Ақыры тұйыққа тірелген құрбанды өз талаптарын тегіс орындатуға мәжбүр етеді.
Сарапшылар бұл жағдайда қылмыскерлер тобының тұтас "арнайы операция" жүргізетінін қаперге салды. Ол топқа майталман мамандар шақырылады. "Спецоперация" бірнеше күнге, тіпті айларға ұзайды, жәбірленушіні үнемі үрейде, мазасыздықта ұстайды және қылмыс көп сатылы құрылымға ие болады.
Құқық қорғау органдары да, қоғам белсенділері де алаяқтардың алдау әдістерін, схемаларын үнемі жетілдіріп жатқанын ескертті. Бір рет алданбай, қармақтан құтылып кеткен адам екіншісіне ілігуі мүмкін. Оның үстіне қылмыскерлер жасанды интеллектінің шексіз-шетсіз құралдары мен мүмкіндіктерін кең пайдаланады.
Сол арқылы танымал тұлғалардың, құрбанның айналасындағы адамдарының дауыстарын имитациялайды. Олар белгілі бір шотқа шұғыл ақша аударуды, қайырымдылық көмек көрсетуді немесе конкурсқа қатысып жатқан баласы үшін дауыс беріп жіберуді қиыла өтінеді.
Бұдан бөлек, ардан безген қылмыскерлер балаларды дроппер ретінде пайдаланады. Оларды лас ақшаны жылыстатуға, есепшотқа түскен құрбанның ақшасын банкоматтан шешіп алуға, белгіленген мекенжайға тасымалдауға тартады. Түпкі иесін табу мүмкін емес нөмірлерден хабарласады.
Мамандар салыстырмалы түрде алғанда таяуда пайда болған онлайн алаяқтықтың тағы бірнеше жаңа түрін атады. Онда "Құпия Санта – Тайный Санта" танымал ойынына құрылған алдау шарғысы жатады.
Бұл схемаға сәйкес, жеңіл жолмен табыс табу ұсынылады: белгісіз бір "Сантадан" есепшотына, банктік картасына ірі сома, "сыйлық", "сюрприз-ақша" түседі, қатысушы соның белгіленген аз бөлігін алады да, үлкен бөлігін ары асырып, басқа қатысушыға аударуға тиіс.
Осылайша, дропперлердің тізбегі қалыптастырылады: әлдебір құрбаннан ұрланған ақша бөгде адамдардың шотынан шотына лақтырылып, ақырғы ұшы "суға сіңіп, құмға батады". Салдарынан, құрбанды танымайтын кездейсоқ адамдар оны алдаудың, ұрланған ақшаны заңдастыру қылмысының қатысушысына айналады.
Мұндай ақылсыз, абайсыз әрекеттердің салдары ауыр болады. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы күшіне енді. Ол дропперлік үшін қылмыстық жазаны қарастырады (бұрын дроптар жазаланбайтын). Жазасы – салдарының ауырлығына байланысты айыппұлдан басталып, мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейін барады.
Кең тарала бастаған алаяқтықтың жаңа түрлері:
- "Құпия Санта": адамдардың картасына, шотына белгісіз тұлғалардан ақша түседі, оның бір бөлігін "сыйлыққа" алып, қалғанын келесі қатысушыға ұзату талап етіледі. Салдары: адам дропперге, қылмыстық ақшаны "жуу" (жылыстату) схемасының қатысушысына айналады, сотталады. Қорғану тәсілі: дербес деректерді, соның ішінде телефон нөмірін, электронды поштаны және басқасын ғаламторда, әлеужеліде жарияламау. Бөгде тұлғалардан немесе тіпті туыс, таныстардан түсініксіз қаржы түссе, полицияға жүгіну.
- "Ақша-қашыр", "Қаржы есегі" ("Денежные мулы"): құрбаннан банктік картасын "арендаға беруді" сұрайды. Оған ірі сомада ақша түсіп, ол басқа жаққа, тіпті шетелге аударыла бастайды. Карта иесінен кей жағдайда банкке барып, аударымды растау, тиісті құжаттарға қол қою талап етіледі. Осы қызметі үшін оған шағын пайыздық сыйақы беріледі. Салдары: адам дропперге, алаяқтық жолмен табылған ақшаны жылыстату схемасының қатысушысына айналады, сотталады. Қорғану тәсілі: дербес деректерді, карта нөмірлерін ұсыну, "жалға беру" бойынша қызметтерден аулақ болу, күмәнді мәмілелерден бас тарту.
- "QR-кодтарды ауыстыру": алаяқтар қандай да бір тауарлардың, қызметтердің ақысын төлеу, немесе "ұтып" алған жүлде, сыйлықты жеткізу үшін қажет деп, құрбанына QR-код жібереді. Онымен өткен адам фишингтік сайтқа тап болады. Салдары: фишингтік сайт не қосымша арқылы қаскөйлер құрбанының дербес деректерін ұрлайды, смартфонындағы банктік қосымшаларын басқарып, бар жинағын, шоттарын қотарып алады. Тіпті ол адамның өз атынан онлайн кредит рәсімдейді. Қорғану тәсілі: бейтаныс не таныс адамдар жіберген күдікті сілтемелермен өтпеу, жеке тұлғалардың, ірі емес ұйымдардың QR-кодтарын сканерлеу. Аударым бойынша сомаға шектеу орнатыңыз.
- "Жалған брокер": акцияларға, басқасына ақша салып, мол табыс табуды ұсынатын блогерлерге, өзгесіне интернет толып тұр. Мұндайлар құрбанына "үлкен табыс әкелетін" инвестиция жасауды ұсынады. Ол үшін жеке кабинетті құру, оған дербес деректерді, банк картасының мәліметтерін енгізу талап етіледі. Бұдан бөлек, "комиссияға", "сақтандыру жарнасына", "салыққа", басқасына ақша сұралады. Алаяқтық бағдарламалық қамтылымды (ПО) орнатуға мәжбүрлейді: ол алданушының гаджеттерін толық қолжетімді етеді. Салдары: ақшасын, жинақтарын жоғалтады. Инвестициялық құралдарға деген сенімінен айрылады. Қорғану тәсілі: белгісіз компанияларға сенбеу, брокердің лицензиясының шын-өтірігін тексеру.
- Жалған интернет-дүкендер, "жаппай сатылымдар": алаяқтар ірі маркетплейстардың сайттарының копия-көшірмелерін жасауға көшті. Сонда тауарларды өте төмен бағамен ұсынады, жаппай сатылым ұйымдастырады, YouTube-те жарнама ролик беріп, соның астындағы сілтемемен өтсе, қосымшаны жүктесе, сыйлық берілетінін, немесе мысалы, "Айфонды" мың теңгеге алатынын "уәде етеді". Салдары: дербес деректерді ұрлайды, сатып алуды, сыйлықты рәсімдеу кезінде банктік қосымшасына, картасына қол жеткізеді, ақшасын ұрлайды. Қорғану тәсілі: белгісіз, күмәнді сайттарда, қосымшаларда тауар сатып алмау. Төлемін алдын ала төлеуді сұраса, жеке адамдардың хабарландыруымен затын сатып алмау. Маркетплейстердің тек тексерілген қосымшаларын орнату.
Алаяқтар құрбанының сенімін туғызу үшін меморгандардың атымен бүркемелейді. Мысалы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі интернет желісінде таратылып жатқан "АвтоЖол+" атауымен жеңілдетілген автонесиелеудің жаңартылған бағдарламасы жалған екенін жариялады.
"Министрлік бұл хабарламада көрсетілген шарттары бар бағдарламаның іске қосылғанын ресми мәлімдеген жоқ. Соның ішінде "автокөлік құнының 10%-ынан 50%-ына дейінгі бөлігі бюджеттен субсидияланады", "жылдық 2%-дан басталатын арзан несие беріледі", "бастапқы жарнасы жоқ" және басқа мәлімдемелердің шындыққа сәйкеспейтінін хабарлаймыз. Аталған ақпараттық материал жалған болып табылады және алаяқтық мақсатта жасалуы мүмкін", – деп жариялады ведомство.
Министрлік азаматтарды сақ болуға, күмәнді сілтемелермен өтпеуге, жеке деректерін тексерілмеген сайттарда енгізбеуге, сондай-ақ тек ресми дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сенуге шақырады.