Тартысқа толы кездесуде "Тоттенхэм Хотспурс" командасы "Манчестер Юнайтедті" 1:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, олар 2025 жылғы UEFA Еуропа лигасының чемпионы атанып отыр.
Лондондық клуб сапынан Бреннан Джонсон ойынның 42-минутында мергендігімен танылды.
Матч соңына дейін "Тоттенхэм Хотспурсқа" қарсылас команда лайықты жауап қайтара алмады. Осы есеп төреші ысқырығы шалынғанға дейін сақталып, "Тоттенхэм Хотспурс" 40 жылдан аса уақыт аралығында алғаш рет еурокубок турнирінде жеңімпаз атанды.
Еске салайық, лондондық клуб 2008 жылдан соң трофейге енді қол жеткізді. Онда клуб Англия футбол лигасының кубок иегері атанған болатын.
Сонымен қатар, осы жылы Англия Премьер-лигасында 17-орынға жайғасып, "Тоттенхэм Хотспурс" Еуропа лигасының жеңімпазы атанғаннан кейін Чемпиондар лигасына жолдама алды.
28 мамыр күні "Реал Бетис" (Испания) пен "Челси" (Англия) ойнаса, одан кейін 31 мамырда Чемпиондар лигасы финалында "Пари Сен-Жермен" (Франция) мен "Интер" (Италия) командасы кездеседі.