2026 жыл ел тарихында "газеттер өлген жыл" ретінде қалуы мүмкін

3317

Бұған "Қазпошта" және ЖИ министрлігінің шешімдері ықпал еткелі тұр.

2026 жыл ел тарихында "газеттер өлген жыл" ретінде қалуы мүмкін Фото: dalanews.kz

Таяуда 2026 жылға газетке жазылу науқаны аяқталды. Редакторлардың көңілі пәс. Бұрын республика көлемінде жүздеген мың жазылушы жинайтыны енді 50 мыңдай, кейбірі тіпті 10–15 мыңдай таралымға әзер қол жеткізіпті. Бірақ сол азғантай аудиториясына қызмет көрсете алмай, біразы жабылып қалуы ғажап емес. 

Бұл мәселеге былтыр Мәжіліс пен Сенат, тіпті мәслихат депутаттары атқарушы биліктің назарын аударуға тырысып еді. Нәтиже шығара алмапты. Соңғы болып, 2025 жылдың соңында бұл проблеманы мәжілісмен Ермұрат Бапи көтерді. Оның да атына еліміздің әр түкпірінен жанайқайы шыққан газет редакцияларының арыз-шағымы қаптап түсті.

Онда не жазылған? Журналистік ұжымдар мен ұйымдар "соңғы уақытта "Қазпошта" АҚ-ының қағаз газеттерге көрсететін қызмет ақыларын жаппай әрі бірнеше есе өсіруі республикалық тәуелсіз басылымдармен қатар, аудандық, облыстық, тіпті республикалық газеттерге банкрот болу қатерін төндіргенін" нұсқады.

Ермұрат Бапидің мәліметінше, ұлттық пошта операторы тарапынан "баға көтерілісі" бірнеше толқынмен жүрді: 2025 жылдың шілдесінде пошта арқылы мерзімді басылымдарды тарату қызметінің ақысы 1000%-ға дейін артты. Бұл баспасөз ұжымдарына жойқын соққы болып, әсіресе, өңірлік, аудандық газеттердің қаржылық жағдайына ауыр тиді.

Сондай-ақ газеттер жуырда баспасөзге жазылу қызметі үшін бұрынғы 17%-дық мөлшерлеме бірден 41,76%-ға көтерілгені жөнінде суыт хабарлама алды. Бұл шешім де редакциялар үшін күтпеген және кезекті ауыр соққы болды.

Мәжіліс депутаты редакторлардың дерегіне жүгіне отырып, газеттің жазылым бағасы неден құралатынын жайып салды. Мысалы, апталық газеттің жазылым ақысы орта есеппен 8 мың теңге тұрады, соның ішінде:

  • 3 мың 200 теңгесін, тең жартысына жуығын – бір ғана "Қазпошта" тарату шығыны ретінде алып қояды,
  • 3 мың теңгеге дейінгісі – қағаз бен баспахана шығынына кетеді,
  • 1 мың теңгеге жуығы кеңсе жалдаудың, көлік шығыстарының, байланыс пен интернеттің қажеттілігін өтейді,
  • Қалған 1 мың теңгесі ғана редакция қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады. Оның өзі ұжымға толық тимейді, өйткені коммуналдық тарифтер, істен шыққан техниканың орнына жаңасын алу, кеңсе тауарларын сатып алу және басқа қосымша шығыстарға бағытталып жатады.

"Бұл жағдайда қағаз үлгісінде шығатын газеттерді сақтап қалу енді мүмкін емес! Осыған орай сұрақтар туындайды. Біріншіден, ақпарат құралдарымен арадағы келісімшарттар неге тек "Қазпоштаның" мүддесін қорғайды? Екіншіден, "Қазпошта" өз міндетін неге адал, жедел атқармайды? Көптеген өңірде мерзімді басылымдар оқырманның қолына уақытылы жетпей жатады. Бұл үшін Үкімет неге "Қазпоштаның" жауапкершілігін арттырмайды? Оның үстіне редакциялар жазылудан түскен қаражатты бірден, шұғыл алу мүмкіндігінен айырылған. Ақша тоқсан сайын бөліп, кешіктіріліп беріледі", – деді мәжілісмен Бапи.

Ол түрлі меморган мен Парламент бірлесіп шешуге тиіс бір маңызды мәселені қаперге салды.

"Үкімет пен әр деңгейдегі әкімдіктер мемлекеттік ақпарат тапсырысына миллардтаған теңге қаржы жұмсайды. Бірақ осы миллиардтардың тең жартысына жуығын ақпараттық саясатты жүзеге асырмайтын делдал – "Қазпошта" сыпырып ала берсе, мұндай саясаттың қисын-логикасы қайда? Ел Президенті мен мемлекеттің саясатын насихаттау қайда қалмақ? Біз неге бір компанияның қаржылық жағдайы үшін ұлттық саясатты құрбан етуіміз керек?!" – деп дабыл қақты депутат Бапи.

Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Қанат Ысқақов Мәжіліске жауап хатында жағдайдың аса ауыр екенін жасырмады.

"Масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде отандық баспасөздің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіреміз. Мерзiмдi баспасөз басылымдарын (МББ) тарату сияқты пошта саласындағы субсидияланатын әмбебап қызметтерге бағалардың шекті деңгейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі айқындайды. 2025 жылдың мамырында ЖИ министрлігі ауылдық жерлерге МББ жеткізудің субсидияланатын қызметтеріне арналған шекті баға деңгейін қайта қарап, 1 данасы, 30 грамм МББ үшін 17,6 теңгеден 41,76 теңгеге дейін арттырды", – деп хабарлады вице-министр.

Бір қарағанда, жақсы жаңалық. Алайда субсидия көлемі енді тек "қызметтің өзіндік құны мен шекті деңгейдің айырмасы ретінде есептеледі" екен. Ал, шекті бағалардың өсуі іс жүзінде субсидия көлемінің азаюына алып келді және әлгі өсімді жоққа тән етті.

"Бұл өз кезегінде жеткізу шығындарының артуына және жазылудың бағасына кері әсер етті. Сондай-ақ, газеттер мен журналдарды түпкілікті тұтынушыларға жеткізу бойынша "Қазпошта" АҚ-ы төл комиссиясының мөлшерін айтарлықтай өсіріп жіберді. Егер бұрын бір дананы жеткізу үшін комиссия мөлшері 17,6 теңге болса, 2026 жылға арналған көрсеткіш 41,76 теңгеге дейін ұлғайтылды, яғни, бірден 137% артып шыға келді. Бұл өзгерістер азаматтардың басылымдарға жазылу бағасына тікелей теріс ықпал етті. Сонымен қатар, газет редакцияларының өкілдері "Қазпоштаның" мерзімді басылымдарды экспедициялау тарифтерін де өсіргеніне налып отыр", – деді Қанат Ысқақов.

Мысалы, тиражы 4 мың данаға дейінгі ұсақ газет-журналдардың 1 данасын экспедициялау бойынша пошта байланысы қызметтерінің тарифі 5 теңгеден 17 теңгеге, ал, 80 мың данадан жоғары тираждар үшін – 1 теңгеден 5 теңгеге дейін бірнеше есеге күрт арттырылған.

Вице-министр жаңарған заңнамаға сәйкес, "Қазпошта" АҚ-ы өз тарифтерін ешкіммен кеңеспей, тіпті редакциялармен талқыламай, оларды ескертпей, дербес белгілеу құқығын иеленгенін еске салды.

"Тарифтердің өсуі, сондай-ақ ЖИ министрлігі белгілейтін субсидиялардың қысқаруы отандық мерзімді басылымдардың қаржылық жағдайын күрт қиындатады. Олардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Енді кейбір басылымдардың мүлдем жабылуына әкелуі мүмкін. Ал, ақпарат министрлігінде мерзімді баспасөзді жеткізу тарифтерінің бағасына тікелей ықпал ету тетіктері жоқ. Дегенмен, министрлік өз тарапынан отандық газет-журналдарды қолдау тетіктерін барынша қарастыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр", – деді вице-министр.

Тағы бір қиыны, жаңа жылда газеттерге қосылған құн салығының да ауыртпалығын көтеруге тура келеді: Салық кодексіне сәйкес, отандық мерзімді баспасөз басылымдарынан 10% ҚҚС жинала бастайды.

Қалай болғанда, салалық министрлік редакторлар және Парламент депутаттары көтеріп жатқан мәселелердің "орынды" екенін және бұл түйткілдер XIX ғасырдың басынан бері ұлттың "көзі, құлағы һәм аузы" болып келген мерзімді баспасөздің экономикалық тұрақтылығына тікелей теріс әсер ететінін растады.

Айта кету керек, 2025 жылғы 10 қарашада Мәжіліс депутаттарының, "Қазақ газеттері" ЖШС-нің, өңірлік газеттердің, мүдделі меморгандардың, сондай-ақ "Қазпошта" АҚ-ы өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізілді. Өкінішке қарай, кеңесте тарифтерді төмендету туралы келісімге сол бойы қол жеткізілген жоқ. Ол ол ма, "Қазпошта" өкілдері бірнеше есеге күрт өскен тарифтері ары қарай да қалатынын және оны қайта қарау тіпті жоспарында жоқ екенін ашық мәлімдеді. Соған қарағанда, 2026 жыл – қазақ газеттерінің соңғы жылына айналып, ұлттық оператор оның түбіне жететін түрі бар сияқты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі келесі мәселелер шешімін таппай, сол бойы өзекті болып қала беретінін ескертті: біріншіден, қолданыстағы келісімшарттар құрылымында "Қазпоштаның" басым құқықтары сақталғаны байқалады. МББ мүдделері жеткілікті деңгейде қорғалмаған, бұл оператордың нарықтағы монополиялық тәуекелдерін күшейтеді. Өйткені ауылдық елді мекендерде "Қазпоштадан" басқа тасымалдаушы компания жоқ десе де болады. Сондықтан министрлік келісімшарттарды қайта қарап, тараптардың тең құқылылығын, жауапкершіліктерін бекіту және дауларды қараудың айқын тетігін енгізу қажет деп санайды.

Екіншіден, "Қазпошта" тарифтік саясатын өзгерткенде БАҚ-ты алдын ала хабардар ету, талқылау тетігі көзделмеген. Бұл редакциялардың қаржылық жоспарлауында елеулі проблемалар туындатады. Тарифтерді бекіту кезінде БАҚ қауымдастығының, салалық ұйымдардың қатысуын нормативтік түрде қамтамасыз ету мәселесін қарастыру қажет.

Үшіншіден, министрліктің мәліметінше, өңірлерде газеттердің жазылушыларға уақтылы жеткізілмеуі жүйелі сипат алды. Салдарынан жаңа шыққан газет тым кешігіп жетіп, ақпараты өзекті болмай қалады. Келісімшарттарда, заңнамада кеш жеткізгені үшін "Қазпоштаға" санкция салу немесе нақты жауапкершілік тетігі мүлдем жоқ. Осы себепті ведомство жеткізу мерзімі бұзылған жағдайда айыппұл санкцияларын қарастыратын талаптарды, қажет болса әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынды. Бұл енді Парламент депутаттарының қолында.   

Төртіншіден, жазылудан түскен ақшасын кешігіп алуы редакциялардың айналым қаражатын шектеп, шығындарды өтеу мүмкіндігін төмендетеді. "Қазпошта" осы арқылы газеттердің қаржылық тұрақтылығына тоқтаусыз соққы беруде. Министрлік жазылым қаражатын төлеудің жаңа моделін ұсынды: алдын ала 70% аванс беру, қалған 30%-ын ай сайын бөліп төлеу. Алайда пошта операторы мұны да қабылдамапты.

Бесіншіден, ЖИ министрлігі ауылдық жерлерге газет-журнал жеткізудің субсидияланатын қызметтеріне арналған шекті баға деңгейін қайта қарап, субсидия көлемін арттырғаны жөн.

"Қазпошта" АҚ-ының жаңа басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев мәжілісмен Бапидің "келісімшарттар тек "Қазпоштаның" мүддесін қорғайды" деген байламымен келіспеді.

"Ол шарттар редакцияларға нұқсан келтіруге бағытталмаған, бірақ шалғайдағы және халқы аз өңірлерді қоса есептегенде, Қазақстанның бүкіл аумағына баспа өнімдерін таратумен байланысты тәуекелдердің және міндеттердің бөлінуін көрсетеді. Егер редакциялар шарттың белгілі бір талаптарын пропорционалды емес, негізсіз немесе олардың құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептесе, олар шарттың талаптарын талқылауға бастамашылық білдіруге құқылы. "Қазпошта" бизнесті жүргізудің адалдығы, шынайылығы және ашықтығы қағидаттарын ұстанады және біздің қызметкерлер мен серіктестердің осы қағидаттарды сақтауына ерекше мән береді", – деді Жәкеев.

Ол газет-журналдарды таратуға 2400-ден аса пошта бөлімшесі (1 787-сі – ауылдық), 1 500 автомобиль және 1 000 жүргізуші, 36 пошта вагоны, 2 000 оператор, 2 300 пошташы, 200 сұрыптаушы жұмылатынын жеткізді.

Ресми статистика бойынша Қазақстанда 2025 жылдың қараша айында 5 029 БАҚ есепке тұрған, оның 3 067-сі – мерзімді баспасөз басылымы. Соның ішінде газеті – 1 932, журналы – 1 135. Оның бәрі – мыңдаған түрлі мамандық иесіне жұмыс беріп отырған қазақ баспасөзі жаппай жабылып қалса, елде жұмыссыздық күрт артып, әлеуметтік кернеу туындауы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу