Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2027-2029 жылдары Ұлттық қордан аса маңызды нысандар мен жобаларды қаржыландыруға қанша қаражат көзделгенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Тауарлар экспорты болжам бойынша 2027 жылы 82,8 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 88,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі, импорт – 80,5-тен 88,4 млрд АҚШ долларына дейін. Инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 %, 2028-2029 жылдары 6-8% деңгейінде анықталған. Макро болжамның негізінде республикалық бюджеттің кірістері болжам бойынша 2027 жылы – 19,9 трлн теңге, 2028 жылы – 21,7 трлн теңге, 2029 жылы – 23,4 трлн теңге болады", – деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьердің сөзінше, кепілдендірілген трансферт бюджет ережесін ескере отырып, 2027-2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге және 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде айқындалды.
"Сондай-ақ аса маңызды нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028-2029 жылдары әр жылға 1,5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған", – деп атап өтті ол.