2027 жылдан шетелдіктер Қазақстанға арнайы рұқсатсыз келе алмайды

263

Қазақстанның қонақтарына жаңа рұқсатнама жүйесі, ондағы шектеулер мен жеңілдіктер туралы не білу керек?

2027 жылдан шетелдіктер Қазақстанға арнайы рұқсатсыз келе алмайды Фото: ЖИ/el.kz

Алдағы қараша айынан бастап Қазақстанға кірудің жаңа талаптары қолданыла бастайды. Оның аясында енді шетел азаматтарынан елге келмес бұрын электрондық рұқсат алу талап етіледі. Ал, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап мұндай рұқсаттың болмауы мемлекеттік шекарадан өтуге тыйым салуға негіз болуы мүмкін, деп жазды inbusiness.kz.

Жаңа жылдың ортасына дейін жаңа жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі, өтпелі кезеңде электрондық рұқсат алу ұсынымдық сипатта болады. Жаңа талаптар Қазақстанның одақтастары саналатын Ресей, Беларусь, Армения және Орталық Азия елдерінің азаматтарына да қатысты.

Өзгерістерге ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 10 қазандағы №890 қаулысы негіз болды. Бұл құжатпен "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларына" өзгерістер енгізілді. Қаулы 2026 жылғы 24 қазанда күшіне енді.

QazETA дегеніміз не және ол кімдерге қажет?

QazETA (Qazaqstan Electronic Travel Authorization) – жекелеген мемлекеттердің азаматтарына Қазақстанға сапарға шығар алдында рәсімделетін электрондық рұқсат. Ол мемлекеттік шекарадан өтуге алдын ала келісім берілгенін растайды. Рұқсатты жоспарланған сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын алу қажет. Ұқсас жүйені бұған дейін Ресей енгізгені мәлім.

Жаңа жүйе қолданыстағы визалық талаптардың күшін жоймайды, яғни, бұған дейін кейбір елмен арада болған визалық режим жойылмайды: ол ары қарай қалады. Сондай-ақ жаңа тетік шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу мерзімдерін өзгертпейді.

QazETA операторының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, электрондық рұқсатқа өтінішті елге келуге дейін ең кем дегенде 72 сағат бұрын тапсыру шарт. Оны мақұлдау жауабын шамамен 10 минут ішінде алуға болады екен. Рұқсаттың қолданыс мерзімі – 180 күн. Қызмет 70-тен астам елдің азаматтарына қолжетімді.

Электрондық рұқсатты Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары, Қазақстанмен визасыз сапарлар туралы халықаралық келісімдер жасасқан елдердің азаматтары, сондай-ақ визасыз режим қолданылатын мемлекеттер тізіміне енгізілген елдердің азаматтары рәсімдеуі керек.

Өтініш беру үшін шетел азаматынан мынадай мәліметтер мен құжаттар сұралады:

• кемінде алты ай бойы жарамды шетелдік паспорт;

• жауапты алу үшін қажетті электрондық поштаның мекенжайы;

• Қазақстанға келу мақсаты туралы түсініктеме.

Қандай құжаттар қабылданады?

• Ұлттық паспорттар;

• Ресей Федерациясының ішкі паспорты;

• Шет мемлекеттердің ID-картасы.

"Егер жолаушы Қазақстан аумағы арқылы тек транзитпен өтсе және ел аумағына кірмейтін болса, ETA рұқсаты қажет емес. Егер транзит кезінде шекаралық бақылаудан өтіп, Қазақстан аумағына кіруі қажет болса, электрондық рұқсаттың талап етілуі жолаушының азаматтығы мен елге кіру шарттарына байланысты болады", – деп түсіндірді QazETA.

Электрондық рұқсатты енгізу кезеңдері

Үкімет қаулысының 6-тармағына сәйкес, Қазақстанға визасыз тәртіппен келетін шетелдіктерге, соның ішінде ЕАЭО елдерінің азаматтарына арналған электрондық рұқсат жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі:

• 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Ақтау халықаралық әуежайында, сондай-ақ "Үрлітөбе" (Өрлітөбе, Павлодар облысы), "Ауқатты" (Жамбыл облысы), "Атамекен" (Түркістан облысы) және "Нұрлы жол" (Жетісу облысы) автомобиль өткізу пунктерінде;

• 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – Астана және Алматы халықаралық әуежайларында;

• 2027 жылғы 1 наурыздан бастап – Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы қалған барлық өткізу пункттерінде;

• 2027 жылғы 1 шілдеден бастап – қаулыда көзделген жағдайларда электрондық рұқсаттың болуы міндетті талапқа айналады.

Маңызды жайт сол, 2026 жылғы 1 қарашадан 2027 жылғы 30 маусымға дейін электрондық рұқсатты рәсімдеу ұсынымдық-рекомендациялық сипатта болады. Осы өтпелі кезеңде шетел азаматтарына тек рұқсат алудың тәртібі түсіндіріледі, белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін оны міндетті түрде рәсімдеу қажеттігі туралы ақпарат беріледі.

Ал, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қаулыға сәйкес рұқсат алудан босатылған адамдарды қоспағанда, жаңа талаптар қолданылатын шетел азаматтары Қазақстанға кіру үшін электрондық рұқсатты міндетті түрде рәсімдеуге тиіс.

Алайда электрондық рұқсаттың болуы елге кіруге толық кепілдік бермейді. Қазақстан заңнамасында, соның ішінде "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 48-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша шетел азаматына Қазақстанға кіруіне тыйым салынуы мүмкін.

QazETA электрондық рұқсатын қалай рәсімдеу керек?

Өтінішті App Store және Google Play платформаларында қолжетімді QazETA мобильді қосымшасы арқылы, жоспарланған сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын беру қажет. Өтініш беруші жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтуге тиіс.

Электрондық рұқсатты ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісу арқылы ішкі істер органдары береді.

Өтініш қандай жағдайларда қабылданбауы мүмкін? Бірнеше негізгі себеп бар:

• мәліметтердің қате немесе толық көрсетілмеуі;

• өтініштегі ақпараттың паспорт деректерімен сәйкес келмеуі;

• техникалық қателер;

• өтініш берушінің азаматтығына байланысты ETA алуға құқығының болмауы;

• Қазақстанның мемлекеттік органдары тарапынан белгілі бір тұлғаларға қатысты қойылған шектеулер.

Рұқсат өтініш шетелдіктің жеке электрондық поштасына жіберіледі. Шекарадан өткен кезде шекара қызметі оның рұқсатының бар-жоғын "Бүркіт" бірыңғай цифрлық жүйесі арқылы тексереді.

Кімдерге ETA рәсімдеудің қажеті жоқ?

Үкімет қаулысында растайтын құжаттары болған жағдайда электрондық рұқсат алудан босатылатын адамдардың 29 санаты қарастырылған.

Олардың қатарына:

• 16 жасқа толмаған балалар;

• 65 жастан асқан егде адамдар;

• қолданыстағы қазақстандық визалары бар шетел азаматтары;

• уақытша тұруға рұқсаты немесе Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар адамдар;

• босқындар мен баспана іздеушілер кіреді.

Сонымен қатар электрондық рұқсат мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларына, халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне, дипломаттарға, құрметті консулдарға, ресми делегация мүшелеріне, ресми шақырумен келетін мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, дипломатиялық курьерлерге және басқасына қажет емес.

Бұл талаптан әуежайдың транзиттік аймағынан шықпайтын транзиттік жолаушылар да босатылады. Бұдан бөлек, жеңілдік әуе, теңіз және өзен кемелерінің экипаждарына, пойыз бригадаларына, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілерге, халықаралық автобус жүргізушілеріне, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, медициналық бригадаларға, гуманитарлық миссиялар мен іздестіру-құтқару операцияларына қатысушыларға қолданылады.

Сондай-ақ мәжбүрлі түрде қонған ұшақтардың, қазақстандық жағаға амалсыз аялдауына тура келген кемелердің жолаушыларына, трансшекаралық құрылыстардың қызметкерлеріне және жерлеу үшін қайтыс болған адамның денесін алып жүретін адамдарға да ұқсас жеңілдіктер қарастырылған.

Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшілігі электрондық рұқсат шетел азаматтарының елге кіруі мен онда болуына қатысты өзге талаптардың күшін жоймайтынын ескертті.

"Электрондық рұқсатты рәсімдеу шетел азаматтарының келуі мен болуына қолданылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де талаптарын сақтау міндетінен босатпайды. "QazETA" цифрлық платформасының техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді. Туындаған техникалық мәселелер бойынша өтініштер support@qazeta.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады. Ресми сайты: https://qazeta.kz/ru/eta", – деп хабарлады елшілік.

Ендеше Қазақстанға сапарлауды жоспарлап жүрген шетел азаматтары жаңа талаптардың егжей-тегжейімен алдын ала танысып, 1 қарашадан электрондық рұқсатты белгіленген мерзімнен кешіктірмей рәсімдеуге үйрене бастағаны жөн. Өйткені 2027 жылғы 1 шілдеден кейін тиісті талап қолданылатын шетел азаматтарында жаңа рұқсаттың болмауы олардың мемлекеттік шекарадан өтуіне тыйым салынуына соқтыруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу