2029 жылға қарай желілік инфрақұрылымның тозу деңгейі ел бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін төмендеу күтілуде. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланып отыр, тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындардың үлесі шамамен үштен екісін құрауға тиіс. 2025-2029 жылдарға жалпы инвестиция көлемі іске асыру 13 триллион теңгені құрайды, оның ішінде 6,8 трлн теңгені коммуналдық секторға, ал 6,2 трлн теңгені энергетика секторына бағыттау жоспарланып отыр. Бұл қаражаттың есебінен 84 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, жаңғыртылады, жалпы қуаты 7 309 мегаватт болатын энергия көздері іске қосылады, сондай-ақ 27 энергия өндіру нысаны салынып, жаңғыртылады", – деді Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозу деңгейі ел бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін төмендеу күтілуде. Объектілердегі апаттылық деңгейі 25 пайызға дейін қысқарады.