Неом қаласы қайда орналасқан?
2029 жылы Азия ойындары Сауд Арабиясының Неом мегажобасындағы Троджена тау шаңғысы курортында өтеді. Троджена – Табук тауларында, теңіз деңгейінен 1500-2600 метр биіктікте орналасқан. Таяу Шығыстағы алғашқы жыл бойы жұмыс істейтін тау шаңғы курорты болмақ. Онда жасанды көлдер, люкс санаттағы қонақ үйлер, спорттық нысандар және тұрғын үйлер болады.
Курорттың ашылу салтанаты 2026 жылға жоспарланған, ал 2029 жылы қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Болашақтың қаласы – Неом жобасын Сауд Арабиясының инвестициялық қоры қолдап, 500 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржыландырды.
Неом қандай мағынаны білдіреді?
Идея авторы – Корольдік мұрагер ханзада және NEOM компаниясының төрағасы Жоғары Мәртебелі Мұхаммед бен Салман. Неом сөзінің алғашқы үш әрпі ежелгі грек тіліндегі "neo" ("жаңа") префиксінен шыққан, ал "M" араб тіліндегі "mostaqbal" ("болашақ") сөзіндегі және Мұхаммед бен Салманның есімінің алғашқы әрпі.
Бұл жоба Сауд Арабиясының болашаққа деген ұмтылысын және аймақтағы туризм мен спортты дамытуға деген құлшынысын көрсетеді. 2023 жылы әлемде өндірілген барлық болаттың 20%-ы Неом құрылысына жұмсалған.
Сондай-ақ, әлемдегі логистиканың шамамен 5%-ы аталмыш қаланың құрылысына қатысуда. 26 500 шаршы шақырым аумақты алып жатқан ауқымды жоба 5 аймаққа бөлінген және онда әлемдегі ең үздік сәулет фирмалары жұмыс істеуде.
Соңғы жылдары ауқымды спорт шаралары да Сауд Арабиясында ұйымдастырылуда
Қазіргі таңда Сауд Арабиясы спорт саласын белсенді дамытып, халықаралық жарыстар мен іс-шаралардың жетекші орталығына айналуды көздеп отыр. 2019 жылдан бастап елде 80-нен астам халықаралық спорт шарасы өтті.
Оның ішінде Формула-1 Гран-приі, Дакар раллиі, Формула E жарыстары және Эр-Рияд Кубогы бар. Сондай-ақ, елде ірі теннис турнирлері, оның ішінде WTA, ATP 1000 санатындағы турнирлер де бар.
Енді міне 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын ұйымдастырмақ. Бұдан бөлек, ФИФА 2034 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын ел ретінде Сауд Арабиясын ресми түрде бекітті және бірқатар матчтар осы Неом жобасының бір бөлігі – NEOM Stadium стадионында өтеді.
Сауд Арабиясы спорт инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударуда
Соңғы жылдары ел спорт инфрақұрылымын дамытуға және ірі шараларды тартуға айтарлықтай қаржы салған Сауд Арабиясы 2021 жылдан бастап спорттық мәмілелерге шамамен 6,3 млрд доллар жұмсаған. Бұл алдыңғы 6 жылдағы инвестициялардан төрт есе көп.
Осылайша, Сауд Арабиясы дәстүрлі және заманауи спорт түрлерін дамытып, ірі халықаралық жарыстарды өткізіп, әлемдік спорт аренасында өз орнын нығайтуға ұмтылуда.