2030 жылғы қысқы Олимпиада бағдарламасына жаңа жарыс түрлері енгізілді

454

ХОК шешімімен шаңғы қоссайысы Олимпиада бағдарламасынан шығарылып, жарыстар саны мен спорт түрлері кеңейтілді.  

2030 жылғы қысқы Олимпиада бағдарламасына жаңа жарыс түрлері енгізілді Фото: olympic.kz

Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) Атқарушы комитеті Франция Альпілерінде өтетін 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының спорт түрлері мен жарыс бағдарламасын бекітті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңартылған бағдарламаға шаңғы спорты мен сноубордтағы фрирайд, сондай-ақ синхронды мәнерлеп сырғанау секілді жаңа жарыс түрлері енгізілді. Жалпы, ХОК үш жаңа спорттық бағыт пен 16 жаңа жүлде жиынтығын қосуды мақұлдады.

Бағдарламаға енгізілген өзгерістер биатлон, конькимен жүгіру, шаңғы спорты, сноуборд және ски-альпинизм бағыттарын қамтиды. Жаңа жарыстар қатарында биатлоннан аралас жекелей эстафета, конькимен жүгіруден командалық спринт, фристайлдағы аралас командалық ски-кросс, сноубордтағы параллельді аралас командалық жарыс және шаңғымен тұғырдан секіруден әйелдер арасындағы командалық жарыс бар.

Ал шаңғы қоссайысы 2030 жылғы Олимпиада бағдарламасына енбей қалды. ХОК бұл шешімді спорт түрінің танымалдығы, көрермен қызығушылығы, медиадағы қамтылуы және әлем бойынша таралу деңгейін талдау нәтижесінде қабылдаған.

2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындары тарихта алғаш рет қатысушылар квотасы бойынша гендерлік теңдік сақталатын жарыс болмақ. Оған 3046 спортшы қатысады: 1525 әйел және 1521 ер адам. Барлығы 126 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.

ХОК мәліметінше, шаңғы қоссайысы соңғы төрт қысқы Олимпиадада небәрі бес ұлттық олимпиадалық комитет өкілдеріне жүлде әкелген. Дегенмен бұл спорт түрі 2028 жылы өтетін IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақталып, 2034 жылы Солт-Лейк-Ситиде өтетін XXVIII қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайта енуге үміткер бола алады.

Сонымен қатар ХОК Атқарушы комитеті спорт нысандарының жаңартылған жоспарын бекітті. Ски-альпинизм жарыстары Монженеврде өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу