21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті алу үшін қандай құжат керек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10501

Көпбалалы отбасылардың табысын есептеген кезде бірге тұратын ата-енесінің зейнетақысы да ескеріледі. 

21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті алу үшін қандай құжат керек

Бүгін "Үкімет үйінде" өткен баспасөз мәслихатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атап өткендей, көпбалалы отбасыларға берілетін 21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті есептеген кезде отбасының жан басына жаққандағы таза табысы есептеледі.

Таза табыс дегеніміз – қолға тиетін нақты ақша. Яғни, ай сайынғы кірістен түрлі салықтар (табыс салығы т.б.) мен міндетті төлемдер (зейнетақы жарнасы т.б.) алынып тасталғаннан кейінгі сома.

Бұл сома отбасындағы әрбір жанға бөлінеді. Осылайша, жан басына шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан, яғни 20 789 теңгеден аспау керек. Сонда ғана бұл отбасы 21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті ала алады. Ал егер жан басына шаққандағы табыс 20 789 теңгеден 10-15 теңгеге асып кетсе, көмек берілмейді. Өйткені, заң солай.

Сонымен қатар, көпбалалы отбасылардың табысын есептеген кезде бірге тұратын ата-енесінің зейнетақысының да ескерілетінін атап өткен жөн. 

Бердібек Сапарбаев мәлімдегендей, 21 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек тек көпбалалы отбасыларға ғана қатысты емес. Кез келген отбасының жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болса, аталған отбасы міндетті түрде әлеуметтік көмекке қол жеткізеді. Ол үшін көпбалалы отбасы болу міндетті емес.

Айтпақшы, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тек бір құжат – жеке куәлік қана жеткілікті. Көмекті рәсімдеу шараларымен өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтары және ауылдық округтердің әкімдіктері, аудан әкімдіктері айналысады.

21 мың теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап беріледі. Қазіргі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 571,6 мың адамды құраса, 1 шілдеден кейін бұл көрсеткіш 830 мыңға дейін өседі.

Еске сала кетейік, жуырда өткен "Нұр Отан" партиясының кезекті съезінде мемлекет басшысы көпбалалы отбасыларға 21 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы тапсырма берген болатын.

Жалпы, президенттің әлеуметтік салаға қатысты тапсырмаларын орындау үшін алдағы үш жылға 2,3 трлн теңге қарастырылып отыр.

Келесі аптадан бастап министрлер президент тапсырмасын түсіндіру үшін облыстарды аралауды бастайды. Олар алдағы бір-екі айдың ішінде барлық облысты толық қамтуы керек.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу