21 мың теңгені ұрысқандар мен жылаған аналар алып жатыр

2498

Шымкенттік Гүлжан Ахметова мамыр айында атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырып, әлі алмаған.

21 мың теңгені ұрысқандар мен жылаған аналар алып жатыр

Бес баланың Гүлжан Тұрсынбайқызы мына үш бөлмелі кепе тамды бірнеше жылдан бері жалға алып тұрып жатыр. Несиесін жаба алмай қаладағы өз баспанасын сатып, осы жерді паналауына тура келген. Бүгінде құдай қосқан жары да, ұлы да тұрақты жұмыс істемейді. Үйсіз жүріп үлкен ұлын үйлендірген Гүлжан апай, енді қызын университетке оқытқысы келетінін айтады.

Осы орайда, Үкіметтің беретін 21 мың теңгесі жыртығын жамауға сеп болары анық. Мамыр айында атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін құжат тапсырған. Содан бері қанша уақыт өтсе де, жауапты мекеме мамандары "ертең кел, екі аптадан кейін кел" деп созбаламға салып жүрген көрінеді.

"Мамыр айында атаулы әлеуметтік көмекті алуға құжат тапсырдым. 2-3 айдан кейін келесіз деді. Айларды өткізіп тағы барып едім, екі апта күтіңіз деді. Енді кешегі апта барсам, 10 тамызда кел деп отыр. 21 мың теңгенің маған тіпті тағайындалған-тағайындалмағанын да білмеймін. Ондағы қыздар ашып айтпайды. Сұрасаң, сізге онына кел дедім ғой болды деп жауап бермей қояды. Жұмыспен қамту орталығына әр барған сайын таңғы 4 немесе 5-те кезекке тұрамын. Бір күн күтіп мамандарға жеткендегі алатын жауабым анау. Менімен бірге құжат тапсырғандар ұрысып, жылап жүріп ақшасын алып алды. Менің олай етуге ұятым бармай жүр. Үкімет бөлген қаржы бізге жету керек қой", - дейді Гүлжан Тұрсынбайқызы.

46 жастағы ана атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізсе, теңгенің басын құрап, тұрғын үйдің алғашқы жарнасын тауып, ипотекаға баспана алғысы келетінін айтады. Өйткені ұл-қызы өсіп қалған ананың бәрінен бұрын пәтер мәселесі жанына қатты батады екен.

Ал, Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығындағылар Гүлжан Ахметованың шағымданар жөні жоқ екенін айтып қысқа қайырды.

"Гүлжан Ахметоваға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Басшылардың қолы қойылған.   Тамыздың 1 мен 10 аралығында ақша түседі. Сондықтан бұл арызданатындай мәселе емес", - деді Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының маманы Дария Ордабаева.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу