217 млрд теңге игерілді

2634

1237 тауарлық топ 362 позиция бойынша импортты алмастыра алады. 

217 млрд теңге игерілді

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов экспортты жылжыту мен импортты алмастыру мәселесі талқыланған жиынға төрағалық етіп, қатысушыларды ел экономикасының тұтыну құрылымымен таныстырды. 

Басқарма төрағасы мемлекеттік тұтыну секторындағы сұраныс арқылы қазақстандық өндірушілерді қолдауға басымдық беру маңызды екенін атап өтті.

"Экономикамыздың ішкі тұтыну ауқымы 50 трлн теңгені құрады. 36 трлн теңге жұмыс пен қызметке, 14 трлн теңге тауарға тиесілі болды. Импорттың үлесі 68%-ға жетті. 3,5 трлн теңгенің тауары немесе сұраныстың 25%-ы мемлекеттік органдардың, квазисектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу есебінен жабылды", – деп мәлімдеді Абылай Мырзахметов.

Машина құрылысы, жеңіл өнеркәсіп, жиһаз, химия, фармацевтика, құрылыс индустриясы сияқты салаларға 2,1 трлн теңге, ал ауыл шаруашылығы кешеніне 1,4 трлн теңге тиесілі болды. 

Абылай Мырзахметовтың сөзінше, отандық өндірістің 1237 тауарлық тобы 362 позиция бойынша импортты алмастыра алады.

"Біз импорт өндіретін жаңа өндірістерді игеруіміз немесе жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтуіміз керек", – деді басқарма төрағасы.

Естеріңізге салайық, 2019 жылы елімізде қазақстандық тауар өндірушілер үшін "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы іске қосылды. Оны жүзеге асыру үшін 600 млрд теңге бөлінді. Қомақты қаржының 400 млрд теңгесі өңдеу секторына, 200 млрд теңгесі агроөндіріс кешеніне бағытталды.

Бағдарламаның шарты бойынша кәсіпкерлерге 6% несие ұсынылды. Несиелендірудің шекті мерзімі 10 жыл деп бекітілді. Атап көрсетерлігі, мемлекеттік қолдауға шағын бизнес өкілдерімен қатар ірі бизнес өкілдері де ие бола алады.  

Бағдарламаны бақылау және кері байланыс орнату үшін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жобалық кеңсе құрылды. 

Айта кетейік, өткен жылдың соңында бағдарлама аясында 217 млрд теңге тиісінше жұмсалды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу