22,6 млн тонна мұнай экспортталды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
10226

Соңғы 5 айда еліміздегі мұнай өндірісі 3%-ға қысқарды.

22,6 млн тонна мұнай экспортталды

Бұл бір жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда 31,2 млн тонна кем көрсеткіш. Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаев жыл соңына дейін 89 млн тонна мұнай өндірілетініне сенімді.

"Қазіргі нәтиже жоспарланып отырған көрсеткішке кері әсерін тигізбейді. Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз кеніштерінде осыған дейін жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы мұнай өндірісін ұлғайтады. Биыл Теңіз кен орнынан 29 млн тонна мұнай өндіріледі. Аталмыш кен орнын кеңейту жобасы жалғаса береді. Бұл бастамаға 37 млрд АҚШ доллары жұмсалады. 2024 жылға қарай Теңіздегі мұнай өндіру көлемі 39 млн тоннаға жетеді", – деді Қанат Бозымбаев.  

Министр мәлімдегендей, қазір тәулігіне 400 мың баррель мұнай өндіріліп жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш тәулігіне 350 мың баррель шамасында болған.

2024 жылға дейін өндіріс көлемі қазіргі 13 млн тоннадан 16 млн тоннаға жеткізіледі.

Жария болғандай, мұнайдың 60,9%-ы – Атырау облысында, 23,7%-ы – Маңғыстау облысында, 7,8%-ы – Қызылорда облысында өндірілген.

"2024 жылға қарай Қашаған кен орнынан тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндіру жоспарланған. Ал ортамерзімді перспективада мұнай өндіру көлемі жыл сайын өсіп, 2025 жылға қарай жылына 104 млн тоннаға жетуге тиіс", – деді энергетика министрі.

Айта кетейік, қазірдің өзінде Қашағаннан тәулігіне 450 мың баррель мұнай алынып жатыр.

"Біз бұл көрсеткішке жыл соңында жетуді жоспарлағанбыз. Кен орнында жүргізілген күрделі жөндеу жұмысы жоспарды мерзімінен бұрын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Соңғы мәлімет бойынша, Қарашығанақта - 4,97 млн, Теңізде -12,48 млн, Қашағанда - 4,24 млн тонна мұнай өндірілді", – деді Қанат Бозымбаев.

Өндірілген мұнайдың 76%-ы немесе 22,6 млн тоннасы экспортталған. Өткен жылмен салыстырғанда нәтиже 2,2%-ға жақсарған. Бірақ табыс көлемі 6%-ға азайып, 10,5 млрд долларға түсіп қалған. Бұған мұнай бағасының тұрақсыздығы себеп болған.

Есептік кезеңде Қазақстан мұнайын Италия, Франция, Корея, Ресей және Өзбекстан мемлекеттері өзге елдермен салыстырғанда көп тұтынған.

"2019 жылдың қорытындысында мұнай өндіру көлемі  89 млн тоннаға жетеді. Жұмыс жоспарға сай атқарылып жатыр. Мұнай өндірісінің 3%-ға уақытша қысқаруы негізгі жоспарға өзгеріс енгізе алмайды", –  деді Қанат Бозымбаев.

Біле жүріңіздер, осыдан бір жыл бұрын елімізде 90 млн, екі жыл бұрын 86,2 млн тонна мұнай өндірілді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу