2500-ден астам павлодарлық тұрғын грантқа ие болды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3662

Ал 300 адам жеңілдетілген несие рәсімдеп, кәсібін көркейтуге мүмкіндік алды. 

2500-ден астам павлодарлық тұрғын грантқа ие болды

"Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының ресми операторының бірі – "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Палата мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылық емес қолдау көрсетеді. Бұл мүмкіндікті былтыр павлодарлық тұрғындар барынша тиімді пайдалануға тырысты.

Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің бірінші санаттағы сарапшысы Әсия Закарьянованың сөзінше, өткен жылы жергілікті тұрғындар "Еңбек" бағдарламасының "Бастау Бизнес" және Жастар жыл аясында қолға алынған "Жас кәсіпкер" жобаларына белсене қатысқан.

Деректерге сүйенсек, 2019 жылы "Бастау Бизнес" жобасы бойынша 2 645 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Бұдан бөлек, "Жас кәсіпкер" аясында 800 адам білім алған. 

"Аталған екі жобаны аяқтағандарға қаржылық қолдау көрсетілді. Мәселен, былтыр қаржылық грант алуға 3 мың өтінім берілді. Нәтижесінде 2 512 адам грантқа ие болды. Оның ішінде 1 641 адамға 200 АЕК, яғни 505 мың теңге көлеміндегі грант бұйырды. Бұл грантты тағайындау кезінде көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмысы төмен отбасыларға, жастарға басымдық берілді. Қалған 871 адам 100 АЕК, яғни 250 мың теңге көлеміндегі қаржылық грантты иеленді", – деді Әсия Закарьянова.

Бұдан бөлек, қос жобаның қатысушыларына Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен несие рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған-ды. Былтыр осы мүмкіндікті 300 адам пайдаланған екен. Оның екеуі – "Жас кәсіпкер" жобасының өкілі.

Сонымен қатар, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты бойынша бизнес субъектілеріне қаржылық емес қолдау көрсетеді. Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің 1 санаттағы сарапшысы Зарина Шаймерденованың сөзінше, бұл қызметті Atameken Services платформасы арқылы онлайн режимде алуға болады. Сонымен қатар, палатаның филиалдарына жүгініп, менеджерлер арқылы рәсімдеуге мүмкіндік бар.

2019 жылы павлодарлық 1571 кәсіпкер сервистік қолдау қызметін пайдаланған. Бұл ретте, палата менеджерлері 660 кәсіпкерді соңына дейін сүйемелдеп, қолдау көрсеткен.

"Әсіресе, кәсіпкерлер бухгалтерлік қызметтерді жиі пайдаланады. Дәлірек айтқа, бір жыл ішінде 943 декларация тапсырылған. Сондай-ақ, есепшоттардың жағдайы туралы анықтамалар берілген. Өткен жылы 118 жаңа бизнес субъектісі ашылып, 2016 бизнес жоспар әзірленді. Оның шінде 92 жоба "Бизнестің жол картасы – 2020" және "Еңбек" бағдарламалары бойынша қаржыландырылды", – деді Зарина Шаймерденова.

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге ақпараттық-аналитикалық қызмет көрсетіледі. Былтыр палата менеджерлері 10 358 консультация өткізген. Яғни, 3 963 клиентке қызмет көрсеткен. Жергілікті менеджерлердің көмегімен 251 кәсіпкерлік субъектісі іске қосылып, тіркеуге алынды. Сондай-ақ, 270 бизнес жоспар жазылған.

"Кәсіпкерлер палатасында бизнес мектеп жұмыс істейді. Мұнда оқудың үш түрі қарастырылған. Қысқамерзімді екі күндік "Бизнес – кеңесші" курсына 971 тыңдаушы қатысты. Бес күндік "Бизнес-өсім" курсы аясында 152 адам оқытылды. Бұдан бөлек, 105 адам жобалық оқудан өтті", – деді Зарина Шаймерденова.

Еске сала кетейік, былтыр "Іскерлік байланыстар" жобасы аясында павлодарлық үш кәсіпкер Германияда тағылымдамадан өтті. Биыл бір кәсіпкерге жолдама бұйырды. Тағы біреуі резервке алынған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу