Бұл туралы мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Баспаналарының апатты үй деп танылуына байланысты жекеменшік пәтерлерінен айырылу қаупі төнген Жезқазған қаласындағы 18 үйдің тұрғыны қала әкімдігі қабылдаған шешімге наразы. Әкімдіктегілер тұрғын үйді жаңарту бағдарламасынан айнып, оны сүріп тастауға оқталып отыр. Бұл ретте тұрғын үйге мемлекет белгілеген құн төленеді немесе төтенше жағдайдың орын алу ықтималдығына байланысты тұрғын үй меншік иесінен мәжбүрлеп алынады. Әзірше жергілікті билік өтемақы төлеу туралы шешім қабылдаған жоқ. Тұрғындардың айтуынша, ұсынылатын өтемақының мөлшері Жезқазғандағы тұрғын үйдің құнына сай емес", – деді депутат.
Ерлан Смайловтың сөзінше, қала бюджетінде 259 пәтерге өтемақы ретінде 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл – әр пәтер иесі 5,7 млн теңге алады деген сөз. Мұндай ақшаға Жезқазғаннан тек бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады.
"Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы баға тұрақты өсіп келеді. Мәселен 2021 жылғы шілдеде маусыммен салыстырғанда тұрғын үй бағасы 0,4%-ға өсті. Ал бір жыл ішінде 9,7% -ға ұлғайды. Жезқазғандықтардың мәселесін шешуге үкімет тікелей ықпал етеді деп ойлаймыз. Жезқазғандағы сүрілетін тұрғын үйдің пәтер иелеріне ауданы бойынша тең мөлшерде жаңа пәтер берілетін реновация бағдарламасын енгізуді немесе қаладағы тұрғын үйдің нақты құнына сай келетін ақшалай өтемақы төлеу үшін қаражат іздестіруді ұсынамыз", – деді депутат.
Қанат Махамбет