28 мың жұмысшы қысқартылып, 34 мыңнан астам адам мәжбүрлі демалысқа жіберілді – Абылай Мырзахметов

10732

Көктемде игерілмеген 80 млрд теңге күзде астық жинауға бөлінеді.

28 мың жұмысшы қысқартылып, 34 мыңнан астам адам мәжбүрлі демалысқа жіберілді – Абылай Мырзахметов

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған сауалнамаға 29 мыңнан астам кәсіпкер қатысты.

Олар пандемияның салдары қандай мәселе туғызып жатқанын бүкпесіз баяндады. Бұл туралы үкімет отырысында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты. 

"Қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің 19%-ы сұраныстың төмендегеніне, 22%-ы несиесін қайтара алмай отырғанына, 19%-ы салық төлеуге мүмкіндігі жоқ екеніне шағымданды", – деді басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметовтің мәлімдеуінше, сауалнамада жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылған. 

"Сауалнама барысында 29 мыңнан астам кәсіпкердің 193 мың адамды жұмыспен қамтып отырғаны белгілі болды. Сұрақ қою кезінде жұмысшылардың 14,5 % немесе 28 мың адам қысқартылғаны, ал 17,5% немесе 34 мыңнан астам адам мәжбүрлі демалысқа жіберілгені анықталды", – деді Абылай Мырзахметов.

Оның сөзінше, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында жобалық офистер құны 991 млрд теңгені құрайтын 2 мыңнан астам жобаны мақұлдаған. Алайда іс барысында бірқатар қиыншылық туған.  

"Мақұлданған жобалар мен несие берілген жобаларға 10 банк қатысып отыр. Несие беру процесін банктердің өздері реттейді. Яғни нормативтік құжат әр банкте әртүрлі. Банктер кепілзатқа өте жоғары міндеттеме қояды. Салдарынан жоба мақұлданғаннан кейін банк несие беруді 1 жылға дейін созуы мүмкін. Бұл мәселені қаржы қауымдастығымен бірге қарау қажет", – деді басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметовтің мәлімдеуінше, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша өңдеу саласына бөлінген 300 млрд теңгенің 86,5%-ы, тамақ саласы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларына бөлінген қаржының 72%-ы игерілген. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы саласына мамыр айында 400 млрд теңге қосымша қаржы бөлінді. Қазір қосылған қаржыны бірге есептегенде қаржының игерілуі 17 %-ды құрап отыр. Өздеріңіз білетіндей, Президенттің тапсырмасымен көктемгі дала жұмыстарына 100 млрд теңге бөлінді. Бұл жерде қаржы игеру көрсеткіші 20%. Мемлекет басшысының тапсырмасы наурыз айында берілді. Ал ақша мамыр айында қолға тиді. Бұл уақытта негізгі егіс жұмыстары аяқталды. Олқылықтың орнын толтыру үшін біз Ұлттық банкпен қалған 80 млрд қаражатты күздегі астық жинауға бөлуге келістік", – деді Абылай Мырзахметов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу