Ақордада өткен брифингте Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы қызметіне кіріскеннен бергі жұмысы туралы толыққанды ақпарат берді.
20 наурыздан бері Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 463 іс-шара өткен. Оның ішінде ел аймақтарына жасаған 25 жұмыс сапары да бар. Президент 9 айдың ішінде 249 қабылдау өткізіп, 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлескен.
Мемлекет басшысының бұл аралықта 12 елге сапарлап, 9 халықаралық жиынға қатысқаны, 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстан атынан сөйлейтін 30 елшіні тағайындағаны да айтылды. Аталмыш халықаралық сапарлар барысында өзге мемлекет басшыларымен бірлесіп 8 брифинг, 3 баспасөз мәслихатын өткізген. Ал отандық және шетелдік БАҚ-қа 16 сұхбат берген.
"Қазақстан Президенті биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен. Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет екенін белгілеп берді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президент әкімшілігінде өтініштерді қабылдау бөлімі және Президенттің виртуалды қабылдауы ашылды. Жалпы бұл бөлімге бірінші тамыздан бері бүгінге дейін 15669 өтініш келіп түсті. Оның 4025-і виртуалды қабылдау арқылы келген", – деді Берік Уәли.
Баспасөз хатшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз айының соңында әкімдер мен министрлердің бәрін әлеуметтік желілерде тіркелуді міндеттегенін еске алды. Ал Президенттің өзі Twitter әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданып келе жатқан көрінеді. Қазір оның аталмыш желідегі парақшасына 137 мың оқырман жазылған. Биыл ол елдегі маңызды мәселелер мен түрлі оқиғаларға қатысты үш тілде 862 твит жариялаған.
"Сәуір айынан бері Қасым-Жомарт Кемелұлының Instagram желісінде 955 мың тіркелушісі бар. Президент осы желідегі парақшасына 60 жазба жариялады", – деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Берік Уәли жаз ортасында Президент Жарлығымен қиын жағдайға тап болған 500 мың азаматтың 300 мың теңгелік несие қарызы мен үстеме төлемдері кешірілгенін атады. Ол, сондай-ақ, Президенттің құптауымен алдағы 4 жылда мұғалімдердің еңбекақысы 2 есе, барлық студенттердің шәкіртақысы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25%-ға көбейетінін де айтты.
"Қасым-Жомарт Кемелұлы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы заман талабына сай мемлекет болу үшін азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесіне сәйкес жаңғыру үдерісі біртіндеп жүзеге асырылатынын атап өтті. Саяси реформаларды асығыстыққа салынбай, кезең-кезеңімен, жан-жақты ойластырып орындау қажеттігін айтты. Жолдауда еліміздің саяси жүйесінде "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналатынына баса мән берілді. Бұдан бөлек Қазақстан Президенті тағы бір қордаланған мәселе – заң шеңберінен шықпайтын митингілерге рұқсат беру туралы көзқарасын білдірді", – деді Президенттің баспасөз хатшысы.
Президент 20 наурыздан бері 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойған екен.
"Еліміздегі алаңдатқан келесі бір мәселе – Арыс қаласындағы оқиға. Арыс қаласында болған жарылыстың үлкен зиян келтіргенін білесіздер. Мемлекет басшысы күллі Қазақстан жұртшылығын алаңдатқан жарылыс орнына сол күні кешкісін арнайы ұшып барды. Сол жерде ауыр жағдайға ұшыраған Арыс тұрғындарының ахуалымен танысты, көзімен көрді. Барлығына қолдау білдіріп, халықпен кездесті. Шыны керек, Президент жергілікті билік пен құзырлы органдарға шұғыл тапсырмалар берді. Арыс халқы Президенттің тікелей қамқорлығын сезінді", – деген баспасөз хатшы апат салдарын жою үшін еліміздің бүкіл өңірлерінен 7 млрд теңге қаржы жиналғанын да еске алды.
Берік Уәли Сириядағы қақтығыс алаңдарынан отандастарымызды алып шығуға арналған "Жусан" операциясы да Мемлекет басшысының бақылауында болғанын айтады.
"Нәтижесінде Сириядан 406, ал Ирактан 14 бала аман-есен елге жеткізілді", – деді ол.
Брифингтен кейін аталмыш шаруаларды елге жеткізіп, Президент саясатын жұртшылыққа жан-жақты насихаттаған БАҚ қызметкерлерін марапаттады.
Есімжан Нақтыбайұлы