3,6 млн Сирия азаматы Түркияны паналап отыр

4893

Невзат Уянык Түркия лаңкестердің ойына келгенін жасауға жол бермейтінін айтты.  

3,6 млн Сирия азаматы Түркияны паналап отыр

Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык  журналистермен жүздесіп, түрік елі өз халқының қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда қорғанысқа көшетінін мәлімдеді.

"Түркия шекарасына жақын жерде лаңкестердің ойына келгенін жасауға жол бермейді. Біз БҰҰ бекіткен халықаралық заң талаптары аясында әрекет етеміз", – деп сабақтады сөзін Невзат Уянык.

Оның сөзінше, сепаратизмді көксейтін лаңкестік топтар Сирияның аумақтық тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіріп тұр. Осыған орай Түркияның қарулы күштері 9 қазан күні "Бейбітшілік бастауы" атты әскери операция бастаған. Әскери операция Түркия шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, аймақтағы лаңкестерді залалсыздандыруды және өмір мен өлім жағдайындағы сириялықтарды ажалдан арашалауды  көздейді.

Невзат Уяныктың мәлімдеуінше, әскери операция  лаңкестерді ғана назар нысанына алады. Бейбіт тұрғындарға қатысы болайды.

"Әскери операция кезінде бейбіт тұрғындар зардап шекпеуі үшін барлық шара қолға алынуда. Сондай-ақ аталмыш операция халықаралық құқық негізінде БҰҰ жарғысының 51-бабына сәйкес өзін-өзі қорғау құқығы шеңберінде және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің терроризммен күреске қатысты қаулысына сәйкес Сирияның аумақтық тұтастығы мен бірлігін сақтайды", – деді елші.

Оның айтуынша, Түркия әскери операцияны аймақтағы барлық лаңкестер жойылғанша жалғаса береді. Яғни шекарада тыныштық орнап, Сирия халқы лаңкестерден азат етілу керек.

"Түркия 2017-2018 жылдары жүзеге асырған "Евфрат қалқаны", "Зәйтүн бұтағы" атты әскери операциялары арқылы 4 мың шақырымды қамтитын аймақты ДАИШ (Қазақстанда және өзге елдерде тыйым салынған ұйым), PYD ("Демократиялық бірлік партиясы") және YPG ("Халықтық қорғаныс жасақтары") атты лаңкестік ұйымдардың террорлық әрекеттерінен тазартты. Нәтижесінде 360 мыңнан астам сириялық үйлеріне қайта оралу мүмкіндігіне ие болды", – деді дипломат.

Невзат Уянык Түркия Сирияда бейбітшілік орнатуға бағытталған астана процесіне белсене қатысқанын және бұл шара нақты нәтиже бергенін атап өтті.

Елшінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 3,6 млн Сирия азаматы Түркияны паналап отыр.

"Түркия босқындардың барлығына өз есебінен көмек көрсетіп отыр. Халықаралық қоғамдастық нақты қолдау көрсетіліп жатқан жоқ. Шетелдік лаңкес-содырларды халықаралық қоғамдастық бірлесіп әрекет еткенде ғана нақты нәтиже береді", – деді ол.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу