3-турдан не байқадық?

2203

Қазақстан Премьер-Лигасының 3 тур ойындары болып өтті. Барлығы 5 матч ойналды. "Ертістің" жарыстан шығып қалғанына байланысты "Астана" бұл турда демалды. 

3-турдан не байқадық?

"Қайрат" - "Жетісу" (3:0)

Матч толықтай алматылық команданың бақылауында өтті. Ойынынң 12 минутында Косовичтің керемет пасынан кейін Камо Оганесян өзінің бұрынғы командасына матчтағы алғашқы голды соқты. Ал матчтың 56 минутында Конрад Вржещинский есепті 2:0-ге жеткізді. 65 минутта алаңға шыққан жас шабуылшы Шученачев 92 минутта командасының 3-ші голын салып, "Жетісудың" үмітін өшірді. Осылайша "Қайрат" ойыншылары Шпилевскийдің ақылынсыз-ақ "Жетісуды" тас-талқан етті.

"Қайрат" бұл матчтан кейін турнирлік кестеде 9 ұпаймен көш бастаса, "Жетісу" 8-ші орыннан бір-ақ шықты. "Қайрат" келесі матчта Ақтауда "Каспиймен" кездесу өткізеді, ал "Жетісу" өз алаңында "Ордабасыны" қабылдайды.

"Қызылжар" - "Оқжетпес" (3:1)

Матч өте қызықты болды. Бұл матчта фаворит алаң иелері болып саналған. Себебі, қонақтардың біраз ойыншысы бұл матчқа қатыса алмады. Бірақ 28 минутта "Оқжетпес" сапынан Жасұлан Молдақараев қақпашымен бірге-бір шығып, есеп ашты. Алаң иелері бірінші таймда-ақ есепті теңестіріп үлгерді. Гол авторы Габи Энаке қорғаушының жасаған өрескел қателігін ұтымды пайдаланып соққы жасап көріп еді, доп қақпа торынан табылды. Екінші таймда "Қызылжар" матчты бақылауына ала бастады. 76 минутта Пламен Димов өз қақпасына гол соғып алып, алаң иелерін алға шығарды. Ал, 87 минутта қақпашы орнын тастап шыға бергенде оны өз командаласы шалып жықты. Ал допты қақпашыдан алып өткен Тимур Мульдинов матчтың нүктесін қойды.

Бұл ойында "Қызылжар" осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, 9 орынға шықты. Ал Көкшетау командасы 4-ші ойынында жеңіліске ұшырап, турнирлік кестенің ең соңғы орынына жайғасты.

4-ші турда "Қызылжар" қонақта "Таразбен" ойнайды, ал "Оқжетпес" келесі турда демалады.

"Тобыл" - "Каспий" (2:0)

Бұл ойынға екінші құрамымен келген ақтаулық команда 84 минутқа дейін матч фавориті саналған "Тобылға" шыдап берді. 84 минутта сол қапталдан асырылған пасты баспен қақпаға бағыттаған команда капитаны Азат Нұрғалиев есеп ашты. Матчтқа тыңнан қосылған ұлттық құраманың жас шабуылшысы Оралхан Өміртаев қорғаушылардың қателігін сәтті пайдаланып, өз командасының екінші голын соғып, Қостанай командасына сенімді жеңіс сыйлады.

Жеңіс тойын тойлаған Бабаян шәкірттері 7 ұпаймен үшінші орынға жайғасты, ал бірде-бір жеңіске жетіп көрмеген "Каспий" 10 орында. 4-ші турда Қостанайлық "Тобыл" "Астанамен" ойнайды.

"Ордабасы" - "Шахтер" (0:1)

3-ші турдағы жалғыз сенсацияны Горовенко шәкірттері жасады. Осылайша Горовенко "Шахтер" сапындағы алғашқы матчында жеңіс тойын тойлады. Бұл матчтың бірінші таймында гол көре алмадық. Ал матчтағы алғашқы және жеңісті голды 64 минутта Махлангудың қателігін сәтті пайдаланған Жереми Манзорро соқты. Матчтың соңы өрескел ойынға ұласты. 75 минутта алаң иелері сапынан Абдуллай Диакате екінші сары қағаз алып ойыннан қуылды. Ал бұған жауап ретінде 80 минутта Жереми Манзорро да симуляция жасағаны үшін қызыл қағаз алды. Осылайша 10 ойыншымен қалған екі команда да қалған 10 минутта гол соға алмады.

Бұл матчтан кейін "Шахтер" турнирлік кестедегі жағдайын жақсартып алды. 6 ұпай жинаған Горовенко шәкірттері 4 орынға тұрақтаса, шымкенттік "Ордабасы" 4 ұпаймен 7 орынға түсіп қалды.

Келесі турда "Шахтер" өз алаңында Қызылорда қаласының командасы "Қайсарды" қабылдайтын болады.

"Қайсар" - "Тараз" (1:1)

Бұл матчтағы алғашқы голды 41-ші минутта Думан Нәрзілдаев соқты. Думан айып соққысын керемет орындап, "Қайсарды" алға шығарды. Бірақ бұл ойынға өзінің мықты құрамын шығарған "Тараз" екінші тайм бастала салысымен есепті теңестіріп қойды. Гол авторы - Тони Сильва. Бұдан кейін гол көру мүмкін болмады. Екі команда тең тарқасты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу