3 жасар қыз қайтыс болған ауданда бірнеше бүлдіршін жапа шеккен (Фоторепортаж)

10588

3 жасар Кәусардың өлімінен кейін тілшіміз Шымкент қаласындағы криминалды аудандардың бірі – МЖК шағынауданын өз көзімен көріп, марқұмның мүрдесі табылған орында болып қайтты.

3 жасар қыз қайтыс болған ауданда бірнеше бүлдіршін жапа шеккен (Фоторепортаж)

Есіл 2 – бұл марқұм Кәусар ата-анасы, үш бауырымен бірге тұрған отбасылық жатақхана. Ғимараттың қазіргі жағдайы адам шошырлық. Көптен жөндеу көрмегені көзге ұрып тұр.

Жатақханаға жалғыз кіреберіс бар. Одан аттап бассаңыз, сүрлеуі қашқан, қабырғасының сылағы түскені бірден көзге ұрады. Мен текпешек арқылы 2 қабатқа көтерілдім. Мұндағы ұзыннан-ұзын тартылып жатқан дәлізде жарық шам жоқ екен. Бір бұрыштағы терезеден түскен күн сәулесіне қарай жақындадым. Жарыққа жақындай бере көзімді жоғары көтеріп едім, төбесінің сылағы түсіп жарыла бастаған, өрмешкінің тоқымасы да толып қалыпты.

Ал, мынау марқұм 4 жасқа 1 ай қалғанда қаза болған Кәусардың ата-анасының пәтері. Есігін қағып аша алмадым. Үйлерінде жоқ. Көршілерінің айтуынша, прокуратураға кетіпті.

Арақпен араласа шыққан жағымсыз иістен жиіркеніп, жатақханадан тез шығуға тырыстым. Ғимараттың маңы бос бөтелке мен қоқысқа толы. Тұрғындар мұнда спирттік ішімдікке құмар жандар күндіз-түні отыратынын айтады.

Мен жатақханадан алыстап, марқұм Кәусардың денесі табылған гараждарды бетке алдым. Жол-жөнекей байқағаным ағаштар мен қоқыс, бос қаңырап тұрған үйлер. Бойыңды еріксіз үрей билейді екен.

Міне, мынау, қараусыз қалған гараждар. Кәусардың мүрдесі осы жерден табылған.  Бұл аумақ та қоқыстан тазаланбайды екен. Жартылай бұзылған гараждардан мен қан іздерін байқамадым. Оның үстіне мен келемін дегенше, мұндағы үйсіз жүрген қаңғыбастардың төсек орнына дейін өртеп жіберіпті.

Тұрғындардың айтуынша, бұл маңды үйсіз маскүнемдер паналап жүргеніне біраз уақыт болған.

"Бұл жерде не болмай жатыр? Наркоманы да, алкоманы да, бәле-батардың бәрі осында жүреді. Талдардың арасында түнімен айқай-шу. Халыққа тыныштық жоқ. Жатақханадан қызды алып қашу үшінші рет тіркелуі. Осы жатақхана маңындағы "Майкент" деген дүкеннің жанынан бір қызды зорлайын деп жатқан жерінен қашып кеткен. Ұстай алмай қалды. Одан кейін бір қыз жоғалды. Оны Чапаевкадан тауып әкелді. Үшіншісі мынау болып отыр", – дейді МЖК шағын ауданының тұрғыны Бүркітбай Керімбек. 

Ал, полицейлер Кәусар зорлықтан емес, осы нысанның үстіне ойнап шығып, құлап құсығына тұншығып өлген деп болжам айтады. Алайда оған марқұмның туыстары сенер емес. Өкінішке орай, бұл маңда бейнекамера да жоқ екен. 

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу