ҚР ДСМ республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медицина мамандарының шетелге көшуі туралы сөз қозғады.
"Медицина саласында еңбек ететін мамандардың жұмыстан шығуының негізгі себептерінің бірі – сыртқы миграция. Былайша айтқанда, олардың елден кетуі. Бүгінде еліміздің үш өңірінен медицина мамандары көп көшіп кеткен. Олар: Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Қарағанды облысы. Бұл үш өңір медициналық кадрлардың сыртқы миграциясы бойынша көш бастап тұр. Елімізден шетелге 2017 жылы орташа есеппен 1062 адам, 2018 жылы 1225 кадр, 2019 жылы 1212 қызметкер көшіп кетті", – деді орталық директоры.
Қанат Төсекбаевтың айтуынша, кадрлардың шетелге көшуінің бірнеше басты себебі бар.
"Атап айтсақ, мамандардың өзге елге қоныс аударуының негізгі себебі – оларға мотивация беретін тиімді механизмнің болмауы, психо-эмоционалдық жүктеме, кәсіби даму мүмкіндігінің болмауы, құқық қорғау деңгейінің төмендігі, әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы", – деді спикер.
Құралай Құдайберген