30 жылда солтүстіктегі халық саны бір миллионға азаяды

2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық тығыздығы 4 есе артады. 

30 жылда солтүстіктегі халық саны бір миллионға азаяды Фото: sputniknews.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық көші-қоны ұйымы өзара меморандумға қол қойды. Құжаттың маңызы мен мазмұнын БАҚ өкілдеріне  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов түсіндірді.

"Бүгін біз Халықаралық көші-қон ұйымымен бірге меморандумға қол қойып жатырмыз. Бұл ұйыммен жұмыс істеп жатқанымызға көп жыл болды. Ұйым – БҰҰ-ның белсенді қырылмдарының бірі. Құрамында 169 мемлекет бар.  Қазақстан 2002 жылы мүше болып кірген болатын. Бұл құжат – шеңберлі меморандум. Өзара ынтымақтастық  іс-әрекеттер туралы келісімге келіп отырмыз. Мұның негізгісі – ақпарат алмасу. Себебі  Қазақстанда көші-қон үрдістерінің бірнеше түрі қалыптасқан. Ішкі көші-қон, сыртқы еңбек көші-қоны, этникалық көші-қон бар. Сондықтан  меморандум аясында ақпарат алмасумен бірге халықаралық талдауларға қол жеткізу жағынан көмегі болады. Көші-қонға қатысты өзара зерттеулер, тренингтер, оқытулар өткізуге қол қойдық", – деді ведомство басшысы.

Министрі журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, ішкі және сыртқы көші-қондағы тенденциялардың себебін түсіндірді.

"Заң бойынша ешкім қоныс аударуға мәжбүрлей алмайды. Бірақ елімізде кейінгі 4 жылда ішкі-көші қонды реттеу  шарасы жүріп жатыр. Зерттеулер бүгінгі ахуал сақталса, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халық саны 1 миллионға азайып, оңтүстік өңірлерде 5 миллионға көбейетінін көрсетті. Осылайша оңтүстік өңірлердің халық тығыздығы 4 есе өседі. Биыл "Еңбек" бағдарламасы бойынша солтүстікке 7000 мың адам қоныс аударды. Көш негізінен Түркістан, Алматы облыстарынан аттанды. Ал олардың басым бөлігін Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қабылдап алды", – деді ол.

Солтүстік өңірлердегі халықтың азаюы сыртқы көш-қонмен тікелей байланысты болып отыр. Әсіресе, славян текті халықтың тарихи отандарына белсенді түрде қоныс аударып жатса керек. Сыртқа кеткендердің арасында лайықты өмір сапасын іздеп, мұхит асқандардың саны да артып келеді.

"Кейінгі бес жылда  сыртқы көші-қонда теріс сальдо қалыптасып отыр. Көшіп кетушілердің саны көшіп келушілерден 20 мыңға артық. Өткен жылы 29 мың  адам артығымен  көшіп кетті. Қазақстаннан  кеткендердің 96%-ы ТМД елдеріне қоныс аударады. Оның ішінде 89%-ы Ресейді таңдаған. Одан кейін Германия мен Беларусь тұр. Негізгі себептері – тарихи Отанға оралу, сапалы білім ала отырып сол жақта жұмысқа тұру.  Лайықты өмір деңгейін іздеп, үлкен табыстарға жету үшін АҚШ сияқты елдерге қоныс аударушылар да бар", – деді Біржан Нұрымбетов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу