300 мың адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр

1474

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің су тапшылығына байланысты еліміздегі күріш алқаптарын 29 мың гектарға азайту туралы бастамасына қарсылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

300 мың адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр

"...Сіздер қалай күріш егетін 3 облысты қосқанда бір млн-ға жуық азаматқа жұмыс беріп отырған күріш шаруашылығын ешқандай ғылыми зерттеусіз, бір параққа сиятын бұйрықпен үштен бір бөлігін қысқартпақсыздар?! Күріш алқабы қысқарса, орта есеппен 300 мыңға жуық адам жұмыссыз қалмақшы, олардың жанұясын қалай асырайсыздар?! Әлде олар да әлеуметтік көмектің кезегіне тұра ма?!", – деді депутат Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында. 

Берік Дүйсенбиновтің сөзінше, ғасырлық тарихы бар, әлеуметтік, экономикалық құны баға жетпес салаға ерекше назар аударып, елмен, мамандармен ақылдасып, салмақты әрі ашық шешім қабылдау қажет. 

"Алматы облысының күрішшілерінен келген хатқа сүйенсек, олар күрішті тек табыс табу үшін ғана емес, туған жерлерінің шөлге, тұзға айналмауы үшін экологиялық мақсатта егіп отыр. Біздің құзыретті мемлекеттік органдар судың тапшылығын тек қана егіс алқабын қысқартудан ғана емес, Іле мен Дарияның, Жайық пен Ертістің басында отырған көршілерімізден және суды үнемді пайдаланудың заманауи технологиясын қолданудан іздеу керек", –  деді депутат. 

Берік Дүйсенбинов Роман Склярдан:"Болашақта еліміздің экономикасында күріш саласы бола ма, жоқ па? Күріш өндірісі сақталып, су каналдарын, инженерлік дренажды жүйені қалпына келтіру жұмысы басталса, осы жүйені болашақта өздері пайдаланатын диқандардың өзін жұмысқа тартуды жоспарлап отырсыздар ма? Күріш алқаптары қысқартылса, жұмыссыз қалған жоғарғы деңгейлі мамандарды басқа салаға, басқа кәсіппен айналысуға, мысалы, мал шаруашылығына бейімдеу қарастырылған ба? Олай болса, қысқы мерзімді пайдаланып, оларды қайта оқытып, көктемге қарай жаңа дақыл тұқымымен немесе аналық мал басымен қамту мүмкіндігі бола ма? деп сұрады. 300 мыңға жуық азамат жұмыссыз қалса, оларды мектеппен, баспанамен, жұмыспен қамтуға дайынсыздар ма?", – деп сұрады. 

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу