343 мың көпбалалы отбасы жәрдемақы алады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
18978

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетіледі. 

343 мың көпбалалы отбасы жәрдемақы алады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамай мемлекеттік жәрдемақы төлеуді заңдастыру үшін Парламентке жаңа заң жобасын жолдайын деп жатыр.

Заң шығарушы орган құжатты талдап, мақұлдағаннан кейін, 343 мың көпбалалы отбасы ай сайын мемлекеттен 42 500 - 74 375 теңге аралығында жәрдемақы алатын болады. Атап көрсетерлігі, мемлекеттік жәрдемақы табысы жоғары және төмен көпбалалы отбасыларға бірдей беріледі. Бұрынғыдай табысы жоғары көпбалалы отбасылар мемлекеттік жәрдемақы алмайды деген талап болмайды.

Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай тағайындалады. Мысалы, 4 баласы бар отбасыларға – 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп баласы барларға  – 74 375 теңге төленеді.

Бұдан бұрын 10 баласы бар көпбалалы отбасылар 100 мың теңге ала ма деген сұрақ туды. Бұған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов: "Мемлекеттік жәрдемақы табысына қарамастан, барлық көпбалалы отбасына беріледі. Әр балаға орта есеппен алғанда 10-11 мың теңге төлеу жоспарланған. Қазына қаржысының мүмкіндігін ескере отырып, әзірше 7 және одан көп баласы бар отбасыларға 73 375 теңге төлеген дұрыс деп отырмыз", – деп түсініктеме берді.

Біле жүріңіз, еліміздегі көпбалалы отбасылардың 61%-ы - төрт, 27%-ы - бес, 9%-ы - алты, қалған 3%-ы - жеті және одан көп бала тәрбиелеп отыр.

Айтпақшы, көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге мемлекеттік жәрдемақы 23 жасқа дейін төленеді.

Естеріңізге салайық, қазан айында өткен үкімет отырыстарының бірінде министр Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы жүйесін жетілдіру мақсатында жаңа заң жобасы әзірленетінін мәлімдеді.

"Атаулы көмек алатын балалардың 60%- ы – көпбалалы отбасылардың мүшелері. Бүгінгі таңда көпбалалы отбасыларда 1,5 млн бала тәрбиеленіп жатыр. Министрлік атаулы әлеуметтік көмекті көпбалалы отбасыларға табысына қарамай төленетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру арқылы

көпбалалы аналардың мәртебесінің мойындалуына және әл-ауқатының артуына ықпал етпекші", – деді министр.

Оның айтуынша, тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек көрсетіледі. Балалар тегін ыстық тамақпен, тегін жол жүру билеттерімен қамтамасыз етіледі.

"Атаулы әлеуметтік көмек өмірдің қиындығына тап болған және одан өз бетінше шыға алмай отырған отбасыларға тағайындалуға тиіс. Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмектің тоқсан сайын берілуін қайта қарап, шартты және шартсыз көмекті 3 айға тағайындау қажет. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар табысын жасыруын тоқтатады. Ал көмек тағайындау тәртібі әділ болады. Мысалы, отбасының жан басына шаққандағы табысы келесі тоқсанда көбінесе азаяды. Атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын есептегенде көпбалалы отбасы алдыңғыдан көп мөлшерде көмек алуы мүмкін. Екіншіден, барлық отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек орта табысы мен кедейшілік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленеді. Үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті өкілі ұсынылған жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері атаулы әлеуметтік алу құқығынан айырылады. Сонымен қатар бала күтімімен айналысатын анаға бала 3 жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы беріледі", – деді Біржан Нұрымбетов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу