4 млн теңге табыс табуға болатын бұқаралық кәсіп анықталды

100

Оның үстіне қатысушылардың және статистиканың дерегінше, саладағы тарифтер қарқынды түрде өсіп келеді.

4 млн теңге табыс табуға болатын бұқаралық кәсіп анықталды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Бүгінде интернет пен әлеужелілер жеке жеңіл көлігі бар азаматтарды "темір тұлпарын" жалға беріп, айына 500 мың теңгеге дейін табыс табуға шақыратын жарнамалар мен хабарландыруға толды. Алайда мұндай ұсыныстардың бір бөлігі алаяқтық болуы мүмкін.

Бұл такси бизнесінің кінәсі емес, институционалдық әлсіздіктің салдары. Егер республикада меншік құқығын қорғау және активтер айналымын бақылау жеткілікті деңгейде тиімді болмаса, осындай теріс құбылыс туындайды.

Әрине, мұнда шынайы бизнес те бар. Дегенмен, бұл саланы жақсы білетіндердің пікірінше, кейбір такси операторлары жалға алынған көлікті күні-түні, қысы-жазы аяусыз жегіп, барлық ресурсын "сығып алады" да, біраз уақыттан соң иесіне – қамшы салса ілгері ытқыған "темір тұлпарды" емес, әбден шаршап, ыңыршағы айналған мәстекті қайтаруы мүмкін. Жол-көлік оқиғасына тап болса, көбіне қожайынына мардымсыз өтемақы төленеді немесе мүлде құралақан қалдырады.

Бір нәрсе анық, Қазақстанда такси қызметі барған сайын табысты әрі жылдам дамыған бизнеске айналып келеді. Таксистер қанша табады? Бұл сұраққа Enjoystic деген бүркеншік аты бар, шын аты-жөнін жариялауды қаламаған такси жүргізушісі жауап берді.

"Такси тарифі бойынша белсенді еңбек еткен жүргізушінің айлық нәтижесі мынадай: соңғы айда 21 күн тынбай еңбек еттім, 330 сапар орындадым. Бір апта бойы көлігім жөндеуде тұрды. Ризамын ба? Әбден! Таксилетіп, 3 айда 4 миллион теңгеден астам табыс таба алдым. Ал, сіз такси неге қымбат деп таңғаласыз", – деді ол.

3 айда қолына таза 3 811 917 теңге алған. Бонустардан 8 580 теңге, жолаушылардан 25 912 теңге шайпұл түскен. Такси сервисінің айлық комиссиясы 220 241 теңгеге, серіктес таксидің комиссиясы 48 695 теңгеге түскен. Мемлекетке төлеген жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерге 38 373 теңге жұмсалған.

Бір қарағанда – тәнті етерлік нәтиже. Бұқара арасынан қай жұмысшы 3 айда 4 миллион табады? Алайда тамсануды былай ысырып қойып, саналы көзбен қараса, бұл – таза пайда емес, жалпы ақша ағыны ғана екенін аңғаруға болады.

Өйткені күн-түн демей, жанкештілікпен жұмыс істеуге адам ағзасы да, темір де шыдас бере бермейді. Ауырып ем іздеуді, күн сайын қымбаттаған дәрі алуды айтпағанның өзінде, тез тозып, сынған көлікті жөндеу бірнеше миллион шығынды талап етуі мүмкін. Автокөліктің амортизациясы, машинаның нарықтық құнын көп жоғалтуы, жөндеу шығындары, адами капитал мен еңбектің құны есепке алынбаған.

Егер көлік шартты түрде 10-15 млн теңге тұрса, бір жылдық қарқынды пайдаланудан кейін оның құны едәуір төмендеуі мүмкін. Сонда таза табыс әлдеқайда қарапайым болуы, тіпті жұмысшылардың жалақысымен ғана теңесуі ғажап емес.

Тұтынушылар болса, eOtinish порталы арқылы таксиге қатысты әртүрлі инстанцияларға шағым боратуда. Олардың пікірінше, бұл сала өкілдерінің елді басынып алғаны сонша, "клиенттің айтқаны әрдайым дұрыс" дейтін нарықтық қағида салада жұмыс істеуден қалған.

Астаналық Айбек таксишілердің небәрі бірнеше шақырым үшін бұрын көрші қалаға жетуге жұмсалатын соманы сұрай бастағанына наразы. Бұдан бөлек, сала екіжақты скоринг дәуіріне қадам басты. Енді тек клиент қана емес, жүргізуші де "үкім" шығарады. Шайпұл қалдырмадыңыз ба? Қатал мұғалімдей бес орнына төрт қойып жазалайды.

"Таксишілер әбден есіріп алды. Елордада айналдырған бірер шақырым жердегі адреске апарып тастауға 3 мың теңге сұрайды. Осыдан он жыл бұрын 500 теңге ғана төлеп жүре беретінбіз. Баға жыл сайын еселеп өседі. Такси сервисіндегі клиент ретіндегі рейтингім төмендеп кетті. Екі таксиші "4" қойып қойыпты. Неге екенін алғашында түсінбедім. Күттіріп қоймадым, керісінше, ақпанның аязында сыртта күтіп алдым. Жағымсыз музыкасымен мезі етті, үнсіз шыдадым, жанжал шығармадым. Мәнісін кейін білдім. "Шайлық" бермедің деп кейбірі жоғары рейтинг қоймайтын сияқты", – дейді Айбек.

Сергей есімді таксиші клиентті тек таңдап таситынын жеткізді.

"Такси жүргізушілері сенің рейтингіңді де көреді. Мен мысалы, егер жолаушының рейтингі 4.69-дан төмен болса тапсырысын мүлдем қабылдамаймын. Жөніңе жүр. Егер рейтингі 4.70-4.75 аралығында болса, сұраныс аз кезде ғана аламын. Оның өзінде маршруті алыс болса бас тартамын. 4.75-4.80 болса, базар жоқ. Бұл менің жолаушыларым", – дейді таксиші.

Такси әлеуметтік сүзгіге айналды: тезірек таксиге отыруға лайықсың ба, әлде бір кездері салондағы әңгүдік шансонды жоғары бағаламағаның үшін енді ақпанның аязында тоңып тұрасың ба – оны алгоритм шешеді.

Жалпы, агрегаторлардың түрлі коэффициенттер мен бонустар арқылы жүргізушілердің көңілінде желік бітіріп, лудоманияға ұқсас құмарлық туғызуы құзырлы органдарды да алаңдатып отыр.

Мысалы, 2025 жылы Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің және Бас көлік прокуратураның ұйымдастыруымен еліміз бойынша "Тасымалдаушы" республикалық ауқымды рейдтік іс-шара өткізілген болатын.

Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жол-көлік оқиғаларының алдын алуды мақсат тұтқан рейд нәтижесінде жолда жын ұрғандай айдаған немесе жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдаған 394 таксиші ұсталды. Бұдан бөлек, жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелерін бұзудың 1 167 фактісі әшкереленді.

"Сондай-ақ, такси жүргізушілерінің бір тәулікте қала аралық 5-6 рейсті орындайтын жағдайлары жиі кездеседі. Бұл – еңбек және демалыс режимін өрескел бұзу болып саналады. Жүргізушінің шаршаған күйінде көлік басқаруы – мас күйде көлік жүргізумен барабар қауіп тудырады", – деді Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің қызметкерлері.

Energyprom мониторингтік агенттігі Қазақстанда такси қызметі тағы 17%-ға қымбаттағанын анықтады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы қазақстандық таксилер 174,5 миллион жолаушыны тасымалдап үлгеріпті. Бұл 2024 жылғы 74,3 миллион жолаушы көрсеткішінен 2,4 есе, ал, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсанындағы 49,9 миллионнан 3,5 есе көп.

Өсім тұрақты сипатқа ие және бір реттік серпіліс емес: биылғы 2026 жылдың қаңтарында – бір-ақ айда бірден 22,9 млн адам тасымалданған. Бұл 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,1 есе көп. 2023 жылғы бүкіл бір жыл бойғы көрсеткіштің жартысын биыл бір айда еңсерді. Демек, өрлеу үрдісі биылғы жылдың басында да сақталып отыр.

"Қазақстандағы такси нарығы өңірлер бойынша біркелкі бөлінбеген. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 174,5 млн жолаушының 60,7 миллионы тек Алматы мен Астанада тасымалданған. Яғни, жалпы ағынның үштен бірінен астамын қос мегаполис берді. Көшбасшы – Алматы: 33,2 млн адам. Астана – екінші орында: 27,6 млн адам. Одан кейін Алматы облысы (13,7 млн), Маңғыстау облысы (12,1 млн) және Шымкент (10,4 млн) келеді", – деп хабарлады агенттік.

Бірақ таксидің қызметін тұтына қоймайтын өңірлер бар екен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең аз жолаушы Ұлытау облысында тіркелген: 2025 жылдың қаңтар-желтоқсанында небәрі 1,4 млн адам таксимен сапарлады.

Одан кейін Солтүстік Қазақстан (2,7 млн) және Шығыс Қазақстан (3,5 млн) облыстары тұр. Өйткені бұл облыстарда халық аздау, өңірлердің цифрлану деңгейі төмен, тұрғындардың табысы таксимен жүруге жете бермейді, сондықтан такси агрегаторлары бұл облыстарға назар аудара қоймайды екен.

2025 жылы такси кәсіпорындарының жиынтық табысы рекордтық 186,1 миллиард теңгені құрады. Соның 46,6%-ын екі қала – Алматы (47,4 млрд теңге) мен Астана (39,4 млрд теңге) қаншығалап кетті. Сондай-ақ мол табысқа кенелгендердің қатарына Алматы (16,7 млрд теңге) және Қарағанды (9,4 млрд теңге) облыстары ене алды.

2025 жылдың қорытындысында Қазақстан бойынша бір сапардың орташа құны 1,1 мың теңгені құрады. Алматы мен Астанада бұл көрсеткіш 1,4 мың теңгеден жоғары. Ең қымбат орташа чек Қарағанды облысында (1,5 мың теңге). Ең арзаны Қызылорда облысында (540 теңге) тіркелді.

Өткен жылдың желтоқсан айының қорытындысында Қазақстанда такси қызметі бір айда 1,8%-ға қымбаттаған. 2025 жыл бойы бағалар барлық дерлік айда өсіп отырды. Тек тамыз айында ғана 0,3%-ға мардымсыз төмендеу байқалды. Ең күрт өсім маусымда тіркелді – бірден 4,7%.

Такси қызметі жыл құрғатпай қымбаттап келеді:

2020 жылы тариф – 106,8%-ға,

2021 жылы – 107%-ға,

2022 жылы – 112%-ға,

2023 жылы – 109,1%-ға,

2024 жылы – 108,4%-ға,

2025 жылы – 117%-ға өсті.

Такси инфляцияға үлес қосып қана қоймай, оның серпінді өсуінің тұрақты факторына айналды. Тарифтердің өсуі қалалық экономиканың құрылымына еніп кетті.

Былтыр өңірлік бөліністе такси құны ең көп қымбаттаған аймақ – Түркістан облысы: бірден 42,9%. Одан кейін Ақмола (37,7%) және Жетісу (21,2%) облыстары тұр. Бағасы өзгермеген жалғыз өңір – Павлодар облысы. Ең аз өсім Ақтөбе (2,7%), Батыс Қазақстан (3,3%) және Солтүстік Қазақстан (3,4%) облыстарында байқалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу