13 мамыр күні толассыз жауған жауыннан Төлеби ауданы ең көп зардап шеккен. Салдарынан алты елдімекенге зақым келген. Әсіресе, Сұлтан Рабат пен Достық елдімекенінде су астында қалған үйлер саны көп. Кеше кешкі уақытта аталған екі ауылдағы 77 үйге су кіргені белгілі болды. Төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл әрекетінің арқасында тұрғындар аудан орталығы Леңгір қаласындағы №8 колледжге жайғастырылды. Бұдан өзге Т.Тәжібаев атындағы мектеп пен Киелі тас ауылындағы Сұлтан Рабат мектебінде эвакуациялық орталықтар ұйымдастырылды. Төтенше жағдайға байланысы шұғыл түрде штаб құрылды.
Жауын салдарынан Қасқасу өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыды. Аудандағы төрт көпірді су шайып кеткен. Жайлып жүрген 8 ірі қара және ұсақ мал суға кеткен.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, аудан бойынша арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елдімекендегі 260 тұрғын үйдің ауласына су кірген. 27 үйдің құлау қаупі бар. Аудан әкімдігі баспасөз қызметіндегілер төлебилік 108 тұрғын қауіпсіз аймаққа шығарылғанын айтты. Оның 70-ке жуығы эвакуациялық пунктке жайғастырылған. Қалғаны туыстарының үйіне барған.
Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев сел салдарынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті.
"Мақтааралда да су тасқыны болғанын білесіздер. Екі апта болды, ондағы су әлі жатыр. Ал мұндағы жағдай басқаша. Тез әрекет жасап, бәрін орнына келтіреміз. Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл – соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Барлық аудан осында көмекке келіп жатыр", – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік,толассыз нөсерден соң облыстағы Сайрам, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарын да су басты. Атап айтқанда, Сайрамдағы Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы бірқатар үйдің ауласына су жиналған. Жергілікті әкімдік пен төтеншеліктердің жедел әрекет етуінің арқасында жиналған суды сору жұмыстары жүргізілген. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда тұрғындарға тасқын судан келер қауіп жоқ. Дегенмен Қазгидромет болжауынша, алдағы күндері облыста ауа райы жауын-шашынды болады. Сондықтан мұнда қауіптің алдын алу шаралары қолға алыныпты. Ал Қазығұрт ауданындағы Қаржан елдімекенінде 2 үйдің, 1емхана мен 1дәріхананың, 2 қоражайдың, Жігерген ауыл округіндегі 30 үйдің, Қызылата елдімекеніндегі 4 үй мен 1 мешіт ауласына су кірген. Сел салдарынан 4 қора құлаған. Аудандағы Көкібел су қоймасының толуына байланысты Көкібел ауылындағы 27 отбасы мектепке эвакуацияланды. Қауіпсіз аймаққа көшірілген 133 адам қазіргі таңда өз үйлеріне оралды. Себебі су қоймасындағы судың деңгейі төмен түсіп, төтеншеліктердің болжамынша келер қауіп жоқ.
Бәйдібек ауданында кеше кешкі сегіздер шамасында Ақбастау ауылдық округіндегі Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылып, ауылды су басқан. Аталған ауылда 105 отбасы бар, қауіп келуі мүмкін деген 10 үйдің тұрғындары Ш.Уәлиханов атындағы мектепке орналастырылды. Жауын салдарынан 2 қора құлап, ауласына су кірген үйлер саны нақтыланып жатыр. Қаратас пен Боралдай ауылдарындағы 12 үйдің ауласын су шайғаны белгілі болды.
Айта кетерлігі, жауыннан ең көп зақым келген Төлебиде қазіргі таңда мамандар үздіксіз жұмыс істеуде. Су тасқыны зардабын жоюға 612 маман мен 84 техника 47 мотопомп жұмылдырылып отыр.
Оларға көмекке облыстағы өзге қала, аудандардағы мамандар келіп жетті.
Толассыз нөсер Шымкент қаласында да жауды. Оған қоса Шымкенттің шеткі аумағындағы Елтай елдімекеніне көршілес жатқан Төлеби ауданына секундына 3-5 текше метр су келген. Осының салдарынан елдімекендегі су деңгейі бірден 20-50 см-ге дейін көтерілген. 60 үйдің ауласына су кіріп, 24 үйді су басып, 5 шаруашылық нысан қираған. Түнгі уақытта Елтайдағы 300-ге жуық адам шұғыл эвакуацияланды. Оның 150-і №119, №120 жалпы орта мектеп ғимаратына жайғастырылып, қалғаны туыстарының үйінде қалуды жөн санаған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің және әскери қызметкерлер суды сорып жатыр. Қазіргі таңда 7 мыңнан астам текше метр су сорылған.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов су басқан Елтай елдімекеніне барып, жағдаймен танысты. Әкімнің айтуынша, қалада алдағы үш күнде толассыз жаңбыр жауады. Сол себептен шаһарда қауіпсіздік шараларын мейлінше күшейту қажет. Өз сөзінде қала әкімі жауыннан келген қауіпті болжай алмаған жауапты лауазым азаматтарына тиісті шара қолданатынын қадап айтты.
Жансая Тәуекелқызы