40 мың ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13194

Борышкерлерге банктің меншігіне өткен тұрғын үйді қайтарып алу құқығы берілді. 

40 мың ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылады

Осыдан 5 жыл бұрын елімізде проблемалық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасы қолға алынды. Ол баспаналы болу үшін несие рәсімдегеннен кейін қарызын қайтара алмай қиналған азаматтарды қолдауды көздеді.

25 мың қарыз алушыны қамтуға тиіс болған бағдарламаға 130 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 2015 жылдың сәуірі мен 2017 жылдың қарашасы аралығында 2004-2009 жылдары ипотекалық несие рәсімдеген 23 028 борышкердің қарызы қайта қаржыландырылды.

2017 жылы Ұлттық банк бағдарлама жалғаса беретінін мәлімдеп, 2026 жылға дейін 40 мың проблемалық ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылатынын жариялады. Ал 2018 жылы шілдеде проблемалық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасы бірқатар түзетулермен толықты. Нәтижесінде  жалақысын теңгемен алатын азаматтарға шетел валютасымен ипотекалық қарыз беруге тыйым салынды. Бұған қоса төлеу мерзімі 180 күннен асып кеткен ипотекалық қарыз иесінен тұрақсыздық айыбы талап етілмейтін болды. Сонымен қатар борышты борышкердің өзге мүлкінен өндіріп алуға шектеу қойылып, банктерге шартта көрсетілген дүниені ғана алу құқығы берілді. Бұдан бөлек жеке тұлғаның шотында тұрған немесе шотына түсетін соманың 50%-дан астам бөлігін өндіріп алуға тосқауыл қойылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың мәлімдеуінше, қарызды шетел валютасымен алған борышкерлер қайта қаржыландыру бойынша екінші деңгейлі банктерге 9 мыңнан аса өтінім қалдырған. Қорытындысында 8 840 азаматтың 78,7 млрд теңге ипотекалық қарызы қайта қаржыландырылған.

Күні бүгінге дейін үздіксіз жалғасып келе жатқан бағдарламаға биыл 1 қаңтарда тағы өзгеріс енгізілді. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов: "Қарыз алушыға бұған дейін өзіне тиесілі болған, кейін банктің балансына өткен тұрғын үйді кері қайтарып алу құқығы берілді. Борышкер қарызын қайтарғанша сатып алу құқығымен банк балансындағы тұрғын үйді жалға ала алады, – деді.

Оның сөзінше, осы уақытқа дейін 28 мың қарыз алушыға көмек көрсетіліп, 171,4 млрд теңге проблемалық қарыз қайта қаржыландырылған.

"2026 жылға дейін 40 мың проблемалық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру жоспарланған. Межелі мерзімге дейін жоспар толық орындалады", – деді Нұрлан Әбдірахманов.

Айта кетейік, проблемалық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру бағдарламасы арқылы ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мерзімі 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін белгіленген. Қарызын қайта қаржыландырғысы келетін азаматтар көрсетілген уақытқа дейін екінші деңгейлі банктерге өтініш беріп үлгеруге тиіс.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу