42 500 теңге шілдеде қалай беріледі?

3933

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүгедектігі 3 айға автоматты түрде ұзартылады. 

42 500 теңге шілдеде қалай беріледі?

Үкімет басшысы Асқар Мамин карантиннің салдарын жеңілдету үшін осы айда тағайындалатын 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнің кімге, қалай берілетінін түсіндірді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шектеу шаралары кезінде табысынан айрылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі 42 500 теңгені бір айға төлеу бойынша шешім қабылдап отырмыз. Төлем карантин шараларының күшейтілуіне байланысты жұмысы шектелген жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өтінімі негізінде жүргізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі төтенше жағдай кезеңіндегідей азаматтардың жекелеген санаттарына азық-түлік өнімдері бойынша ақшалай көмек беруді жалғастырсын! Мұндай көмекті 1 миллионнан астам адам алады", – деді Асқар Мамин.

Премьер-министрдің мәлімдеуінше, атаулы әлеуметтік көмек қолда бар деректер негізінде ұсынылады.  

Сөз арасында үкімет басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесіне тоқталды. 

"Карантин кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүгедектігін 3 айға автоматты түрде ұзартуды тапсырамын", – деді Асқар Мамин.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік комиссия 5 шілдеден бастап 14 күнге шектеу шараларын енгізіп, карантин жариялағанда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 2 апталық карантин кезінде 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем төленбейтінін мәлімдеді. 

"Төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем төлеуге ешқандай заңнамалық негіздеме жоқ. Сондықтан азаматтар мүмкіндігінше қызмет орындарында жұмыстарын жалғастыруға тиіс", – деген болатын Ералы Тоғжанов. 

Қанат Махамбет


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу