Былтыр елімізде 359 млрд 500 мың теңгеге 50 447 автокөлік құрастырылды.
Оның 44 077 бірлігі жеңіл автокөлік болды. "ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақтан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы отандық автоөндіріс саласының өткен жылғы қорытындысын жариялағанда осындай мәлімет таратты.
Есептік кезеңде отандық автозауыттардың конвейерінен 4 247 жүк көлігі, 860 тіркеме және 187 мамандандырылған автотехника шықты. Бір жылда отандық автоөндірушілер 44 300 автокөлік сатты. Нәтижесінде отандық автоөндірушілердің нарықтағы үлесі 60%-ға жетті.
"Ел азаматтары бір жылда 311 млрд теңгеге отандық автокөлік сатып алды", – деді "ҚазАвтоӨнеркәсіп" Қазақтан автокөлік саласы кәсіпорындары одағы стратегиялық жоспарлау бөлімінің директоры Артур Мискарян.
Оның сөзінше, "АЗИЯ АВТО" АҚ 21 200 автокөлік құрастырған және көлік сату көрсеткішін 48,1%-ға жеткізген. Осылайша отандық көлік өндірушілердің көшін бастаған. "СарыарқаАвтоӨндіріс" ЖШС 20 200
автокөлік шығарып, сату көрсеткішін 45,5% -дан асырған. Сәйкесінше екінші орынға орналасқан.
"СемАЗ" ЖШС – 1 500, "КАМАЗ-Инжиниринг" АҚ – 800, Hyundai Trans Auto ЖШС – 400, Daewoo Bus Kazakhstan ЖШС – 1 000 көлік өткізді", – деді Артур Мискарян.
Қазақстанда құрастырылған автобрендтердің ішінде Lada маркасы ерекше сұранысқа ие болыпты. Бір жылда дәл осы брендпен шыққан 15 100 автокөлік сатылыпты.
"Hyundai – 14 900, KIA – 3 700, Ravon – 2 900, Skoda – 1 100, JAC – 1 000, Chevrolet – 700, UAZ – 5 00 бірлік автокөлік өткізді", – деді Артур Мискарян.
Оның айтуынша, 5 315 автокөлік жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша сатылған.
"Ел азаматтарының сатып алу мүмкіндігінің артуы отандық автоөндірушілердің өндірістік қуатын күшейтті. 2015 жылы іске қосылған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы салаға серпін беріп отыр. Былтыр бағдарлама аясында қосымша 10 млрд теңге бөлінді. Бұл соманың 8 млрд теңгесін жеңіл автокөліктерді несиелеуге, 2 млрд теңгесі коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсалды. Өткен жылы отандық автоөндірушілердің нарықтағы үлесі 60%-ға жетті. Жыл сайын көрсеткіш еселеніп келеді. Үкімет отандық автокөліктердің сатылымын ұлғайту мақсатында жеңілдетілген автонесие бағдарламасын 5 есе ұлғайтуды көздеп отыр. Жоспар орындалса, қазіргі көрсеткіш бірнеше есе өседі. Бұл отандық автоөндірушілер еліміздің автонарығында үстемдік жүргізеді деген сөз", – деп түйді ойын "ҚазАвтоӨнеркәсіп" өкілі.
Абылай Бейбарыс