"5-10-20": Павлодардағы үйлердің бағасы 12 млн теңгеден аспауы керек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
21683

Жергілікті әкімдіктер салған несиелік үйлердің бір шаршы метрі үшін белгіленген баға – 160 мың теңге.

"5-10-20": Павлодардағы үйлердің бағасы 12 млн теңгеден аспауы керек

Ел президенті тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін "Нұрлы жер" бағдарламасының кезекті бағыты ретінде "5-10-20" ипотекалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Қазір жаңа бағдарламаның талаптары жан-жақты пысықталып, қанатқақты жоба ретінде қарастырылуда. Бағдарлама 1 шілдеде қабылданады деген болжам бар.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баиловтың айтуынша, қазірдің өзінде бірқатар талаптары белгілі. Біріншіден, баспана алуға ниетті тұрғын жергілікті атқару органында тұрғын үй кезегінде тұруға тиіс. Екіншіден, алғашқы жарна ретінде пәтер құнының кемінде 10 пайызын төлеуі керек. Сол кезде ипотекалық несие 5 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға дейін беріледі.

"Павлодар облысында жеке құрылыс компаниялары ұсынған жаңа үйлердің бағасы 12 млн теңгеден аспауы керек. Ал жергілікті әкімдіктер салған несиелік үйлердің бір шаршы метрі үшін белгіленген баға – 160 мың теңге. Осы сомадан аспауы керек", – дейді Талғат Баилов.

Сонымен қатар, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жанынан жыл соңына дейін "Отбасы банкі" құрылады. Бұл институт баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке алу, тіркеу және тұрғын үйді үлестірумен айналысатын болады.

"Тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың қай бағдарлама бойынша баспаналы болатыны тұрғын үй қолжетімділігі сатысына сәйкес бағаланады. Атап айтқанда, табысы төмен, яғни отбасының бір айлық кірісі жан басына шаққанда бір күнкөріс минимумынан аспайтын отбасыларға сатып алу құқығынсыз үйді жалға алу мүмкіндігі ұсынылады. Екі күнкөріс минимумына дейін табыс табатын көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар "Бақытты отбасы" бағдарламасына, ал 3,1 күнкөріс минимумына дейін табысқа ие баспанасыз отбасылар "5-10-20" жобасына қатыса алады. 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап күнкөріс минимумы 32 668 теңгеге дейін өсті. Осылайша, "5-10-20" арқылы баспаналы болу үшін жан басына шаққандағы отбасы табысы 101 270 теңгеден аспауы тиіс", – деді Талғат Баилов.

Оның сөзінше, "Бақытты отбасы" бағдарламасында төлем қабілеттілігін растау кезінде мемлекеттен алатын түрлі төлемдер есептеледі. Ал "5-10-20" бағдарламасына қатысты мұндай талаптың болар-болмасы әзірше белгісіз.

"Павлодар облысында тұрғын үй кезегінде тұрған адам "5-10-20" бағдарламасы бойынша басқа аймақтан үй ала алмайды. Бүгінде аймағымызда 27 мыңнан астам адам кезекте тұр. Олар аталмыш бағдарлама арқылы Павлодар облысының аудан-қалаларынан ғана баспаналы бола алады", – деді облыстық филиал директоры.

Тұрғындар үшін тиімді жобаларының бірі - "Бақытты отбасы" бағдарламасы. Бағдарлама арқылы тұрғын үй кезегінде тұрғандар үй бағасының 10 пайызын алғашқы жарна ретінде төлеп, 20 жылға дейін жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады.

"Наурыз айында Павлодар қалалық қаржы бөлімі 497 өтінішті қабылдап, түрлі себепке байланысты 15 өтінішті кері қайтарды. Қалған 482 өтінішті қарастырып, біздің банкке 338 жолдама берді. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" аталмыш бағдарлама бойынша өтініштерді қарастыру үшін міндетті түрде жергілікті әкімдіктен жолдама берілуі керек. Бүгінде 338 өтініштің 76-сы мақұлданды", – деді Талғат Баилов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу