Онда Мадуроның 2017-2020 жылдары Венесуэладағы FAES арнайы жасағына 5 жас жігітті соттан тыс өлтіруге бұйрық бергені жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
5 жігіт Мадуро билігі кезінде мемлекеттік күштік құрылымдардың қолынан қаза болған мыңдаған адамның қатарында бар. FAES бөлімшесі "адам құқықтарын бұзды" деген шағымдардан соң әрі БҰҰ мәлімдемелерінен кейін 2021 жылы ғана таратылды.
Құжатта арнайы жасақ қызметкерлерінің ер адамдарды отбасыларынан бөліп алып, кейін атып өлтіргені жазылған.
– Мадуро FAES бөлімшесін саяси құрал әрі қоғамды бақылау тетігі ретінде пайдаланып, қарсылықты күшпен басып-жаншу, кедей аудандарды үрейде ұстау және саяси қарсыластарын жою үшін қолданды, – делінген талап-арызда.
Талапкерлер Венесуэланың сот жүйесі бұл қылмыстарға кінәлілерді жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бермейтінін мойындады. Сол себепті, олар АҚШ-тың Азаптау құрбандарын қорғау туралы заңы негізінде моральдық өтемақы өндіріп беруді сұраған.
Euronews Николас Мадуроның қазір Нью-Йоркте есірткі саудасына қатысты қылмыстық іс бойынша сотты күтіп отырғанын жазады. Экс-президент өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзін "әскери тұтқынмын" деп есептейді.
The New York Times басылымы Мадуро бұл іс бойынша мемлекет басшысы ретінде иммунитетке ие екенін және оны дәлелдеуге тырысуы мүмкін екенін жазды.