54 миллион теңгенің рентген құрылғысы былтырдан бері босқа тұр

10934

Өйткені Жамбыл облысындағы Шу қалалық емханасында оны іске қосатын трансформатор жоқ.  

54 миллион теңгенің рентген құрылғысы былтырдан бері босқа тұр

"Шу қаласындағы тұрғындардың саны 40 мыңға жуық болса да, біздің емханадағы рентген аппараты әлі күнге дейін іске алғысыз күйінде тұр. Осыдан 4-5 жыл бұрын облыс әкімінің атына рентген аппараты мен трансформатор орнатып беру туралы өтініш жазғанбыз. Өткен жылы 54 миллион теңгеге рентген құрылғысы сатып алынды. Алайда, трансформаторға қол жеткізе алмадық", – дейді емханасының бас дәрігері Баян Билалова.

Ал су жаңа құрылғыны іске қосу үшін жоғары кернеулі трансформатор болмаса, қаладағы тоқтың күші жетпейді екен. Оған қоса, аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміндегілер трансфоорматор орнату үшін тоқтың сымдары жүргізілетін әрбір үйден рұқсат алу қажеттігін айтады.

Аталған емхана басшылығы қарама-қарсы орналасқан вокзалдан тікелей тоқ тартуды да ұсынған. Алайда, бұдан да ештеңе шықпаған.

"Содан кейін аудандық орталық ауруханамен келісімшартқа отырып, қала тұрғындарын сол жаққа жіберудеміз. Оның үстіне, әрбір тұрғынның қаржысын келісімшарт негізінде төлеп отырмыз. Дегенмен, коронавирус пневманиясынан әбден үрейленіп қалған жұртшылық аудандық ауруханаға баруға жүрексініп қалған. Сол себепті, онда баруға қарсылық танытып жатыр. Қалалық ауруханаға орнатылған компьютерлік томография аппаратына келер болсақ, қалалық аурухананың бас дәрігері Бақыт Сәкенұлы ПТР тестілеудің нәтижесінсіз КТ аппаратына ешкім жіберілмейтіндігі туралы хат жолдады. Бірақ дәл бұндай шектеу еш жерде жазылмаған", – дейді бас дәрігер.

Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу қаласындағы емханаға арнайы барып, ондағы бұл мәселені шешуді денсаулық сақтау басқармасына тапсырған еді. Емхананың бас дәрігерінің сөзіне сенсек, 11 тамыз күні денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Х.Марзақасымовтың атынан "Денсаулық сақтау басқармасы қажетті трансформаторды сатып алу бойынша жасаған бюджеттік өтініміңіз облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынылғандығын хабарлаймыз" деген жауап хат келген. Одан бері екі жұма өткенімен, әлі нәтиже жоқ.

Мамандардың айтуынша, коронавирус пневмониясымен ауырған адамдар жазылып шыққаннан кейін де міндетті түрде рентгеннен өтуі керек. Ал Шу қалалық емханасындағы әлі күнге іске қосылмай тұрған құрылғы пациенттерді рентген мен флюорографиядан өткізуге қауқарлы болғанымен, тұрғындардың дер кезінде жолдама алуына, әрі ауруды уақыт оздырмай анықтауға қолбайлау болып отыр. Ең өкініштісі, емханадағы мамандар трансформатор орнатудың құны бар-жоғы 9 миллион теңге болатындығын айтады.

Бұған қоса, кейінгі жылдары ауданда медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі де қатты сезіле бастаған. Аудандық аурухана мен қалалық емхана басшылары бұл ақпаратты растап отыр. Мәселен, қалалық емханада штаттық кестеге сәйкес барлығы 53 маман жұмыс істеу керек болса, бүгінде мұндағы медицина қызметкерлерінің саны 30-ға да жетпейді.

"Қазір бізге 20-дан астам маман жетіспейді. Оның ішінде, көз дәрігері, лор, балалар невропатологы, кардиолог, эндокринолог сынды мамандар өте қажет. Сондай-ақ, 7 терапевт, 6 педиатр жетіспейді. Оған қоса, біздегі жалпы тәжірибелі дәрігерлердің саны 24 болу керек болса, бізде олардың саны төртеу-ақ", – дейді емхананың бас дәрігері Б.Билалова.

Шу аудандық орталық ауруханаға да бірқатар дәрігерлер жетіспейді. Нақтырақ айтқанда, мұнда да эндекринолог, инфекционист, травмотолог, онколог, офталмолог, отоларинголог және невропатолог, хирург, анестезиолог-реаниматолог және жалпы тәжірибелік мамандар қажет. Дәл қазіргі уақытта ауруханаға 11 маманның орны бос тұр. Былтыр ғана қалалық емханаға Қырғызстан мен Көкшетаудан келген екі тәжірибелі маманға пәтер беріліпті. Алайда, еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандарға берілетін әлеуметтік көмек жоқтың қасы. Емхана қалада орналасқандықтан, жас мамандар ауылды жердегі мамандарға берілетін көмектің басым бөлігінен құралақан қалуда.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу