Сырдария өзенінде сең жүретін уақыт таяп қалды. Қауіпті кезеңге Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының дайындығы қалай? Осыған орай арнайы мәлімет сұрадық. Өйткені, аймақтағы елдімекендердің 85 пайызы Сырдарияның бойында орналасқан. Кез келген әрекет су тасқыны кезеңіне дайындықты ерте бастан қам жасауды ескертеді.
"Бүгінде 56 елдімекенге, 357 мың тұрғынға, 84 мың баспанаға, шаруа қожалықтарындағы 247 мың мал басына қауіп төніп тұр. Сондықтан осы қауіптің алдын алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитетімен, Төтенше жағдайлар комитетімен, шаруашылық басшыларымен және жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қауіптің алдын алу жұмыстарын жұмыла жүргізіп жатырмыз. Сонымен бірге Үкіметте Шиелі ауданында сыйымдылығы 600 млн текше метрлік Күміскеткен су қоймасын салу жобасын тағы бір мәрте талқыладық. Бұл жоба су тасқынының алдын алуға, сондай-ақ су тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді. 15-20 мамырға дейін төтенше жағдайлар режимінде жұмыс істеп, қауіпсіздік шараларын жоспарлаған кестеге сәйкес жүргізетін боламыз", – дейді басқармадан.
Сыр елінің диқандары судан тапшылық көріп отырғаннан кейін су көлемінің ұлғайғаны, оны шабындықтарға жинап алғаны әрине тиімді. Дарияның жоғарғы ағысында аграрлық мақсаттарға суды жинап алу, жазда өз тиімділігін бермек. Ал Аралға қарай құлдилаған судан қауіп көп. Әсіресе Жалағаш, Қармақшы аудандарының елді мекендерінде су жырып кетуі ықтимал дария бойында жарықтар қарасы бар. Қанша бекемдегенмен тілсіз жау дегенін істеп кетуі мүмкін. Су тасқыны кезеңі наурыз айында да, ақпан айында да болуы мүмкін. Бұл әсіресе күн күрт жылынғандағы жылдағы үрдіс.
"Бұл ретте Қызылорда облысы аумағы бойынша Сырдарияның ұзындығы 1274 шақырымды құрайды. 56 елдімекен су басуы мүмкін өзен маңында орналасқан. Бұл ауылдарда 36 мыңға жуық тұрғын үй, оларда 255 мыңнан астам мал басы бар", – деп жазылған басқарма берген мәліметте.
Енді осыған орай барлық күштер мен құралдар су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылатын болады. Әсіресе үй малдарын жайылымнан аулақ ұстау, көзден таса етпеу де басты міндет. Шаруалардың жылдағы немқұрайлылығы өздерінің шығындарына соқтырып жүр. Өйткені олар жайылымдағы малдарын уақытында қауіпсіз жерге шығаруға құлықсыз.
Биыл облыста су тасқынына қарсы мақсаттарға 643,5 миллион теңге бөлінді. Өзен бойындағы осал жерлерге 122 ұйым бекітілген, олар қажет болған жағдайда бір жарым мыңға жуық адамды жұмысқа тарта алады және төрт жүзден астам арнайы техниканы қолданатын болады.
"Материалдық – техникалық құралдардың қажетті қорлары бар: ЖЖМ, оларды құммен толтыруға арналған қаптар және бөгеттер, пашын қамыстардың да көп көмегі бар. Қажет болған жағдайда екі тікұшақты әуеге көтеріп, өзенде жарылыс жұмыстарын жүргізу үшін мамандар тартылады", - деп хабарлады жұмылдыру дайындығы басқармасы.
Сондай-ақ, санаулы сағаттарда адамдарды эвакуациялау үшін 84 эвакуациялық пункттің және 101 қабылдау пунктінің жұмысын өрістету мүмкіндігі алдын ала пысықталған. Бұл пункттердің резерві бірден 156 мың адамға есептелген.
Биыл 15 учаскеде қорғаныс бөгеттерін жөндеу қарастырылған. Олардың жалпы ұзындығы 73 шақырымнан астам. Және 8 учаскеде өзен арнасы тазартылған.
Нұрбек Дәуренбеков