5G қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етеді?

3193

2022 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 5G желісіне қосу жоспарланып отыр.  

5G қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етеді?

Іnbusiness.kz тілшісі жаңа технологияны енгізуге мемлекеттен қаржы бөліне ме, ол қазақстандықтардың өміріне қалай әсер етеді, 5G байланыс тарифінің құнын өзгерте ме деген сұрақтарға жауап іздеді.

Алдымен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Нұржан Дүйсебай 5G желісінің 4G-ден негізгі айырмашылығын түсіндірді.

"Бүгінде интернетке қосылатын құралдардың саны артып жатыр. Осылайша, байланыс желісін жаңарту талабы туындады. Қазіргі таңда телекоммуникация саласында ұялы байланыстың жаңа 5G буынын енгізу жоспарланып отыр. Бұл – заман талабы. 5G технологиясы өте жылдам. Ол байланыс сапасын арттырып, интернет арқылы көптеген техниканы пайдалануға мүмкіндік береді",  дейді ол.

Samsung компаниясы мамандарының айтуынша, 5G бір шаршы шақырым аумақта миллионнан аса құрылғы арқылы мәліметтерді жіберіп, алуға болады. Ал 4G бір шаршы шақырымда 100 000 құрылғыға дейін үздіксіз жұмыс істейді. 

Нұржан Дүйсебай сымсыз байланыстың жаңа түрі қазақстандықтардың өміріне оң ықпалын тигізеді деген пікірде.

"5G технологиясы энергетика, денсаулық сақтау, сауда, қоғамдық қауіпсіздік, медицина, өнеркәсіп, жүргізушісіз басқарылатын көліктерді басқаруда қолданылады. Сондай-ақ жаңа байланыс қалалар мен бизнеске арналған "ақылды" жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң ықпалын тигізеді",  дейді министрлік өкілі.

Сонымен қатар, ол 5G бірнеше секунд ішінде фильмдер мен 8K форматындағы бейнематериалдарды жүктеп алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5G технологиясын енгізудің нақты стратегиясын дайындап қойған. 2022 жылдың соңына қарай 5G желісі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте енгізіледі.

"Ал 2023-2025 жылдары жаңа байланыс облыс орталықтарында іске қосылады. Желілік ресурстардың шектеулігіне байланысты 5G желісін енгізудің радиожиілік спектрін конкурс немесе аукцион негізінде бөлу жоспарда бар. Қазіргі таңда радиожиілік спекторын пайдалануға рұқсат алу үшін конкурстар немесе аукциондар өткізу тәртібі заңнамалық түрде реттеу пысықталып жатыр",  деді Нұржан Дүйсебай.

Сондай-ақ ол сымсыз байланыстың жаңа буынын енгізуге мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін атап өтті.

"2004 жылдың 5 шілдесіндегі ҚР Байланыс құралдары заңының 29-бабы 1-тармағына сәйкес байланыс операторлары байланыс желілерін дамытуды дербес жоспарлайды және жүргізеді. Осыған байланысты 5G-ді енгізуді байланыс операторлары өз қаражаты есебінен жүргізеді. Мемлекеттен қаржы бөлінбейді", деді министрлік өкілі.

Нұржан Дүйсебай тариф мәселесі ҚР Кәсіпкерлік кодексімен реттелетінін, "тариф құны өзгереді" деп алаңдауға негіз жоқ екенін айтты.

"2004 жылдың 5 шілдесіндені ҚР Байланыс туралы заңның 20-бабы 1-тармағына сәйкес байланыс операторлары байланыс қызметіне арналған тарифтерді дербес белгілейді. Мұнда шығындар да негізге алынады", – деді ол.

Министрлік өкілі бүгінде бірде-бір байланыс операторына коммерциялық мақсат үшін 5G радиоэлектронды құралын орнату бойынша рұқсат құжаттары берілмегенін атап өтті.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу