6 млн теңгеге жиһаз сатып алған әкім қызметінен босатылды

5329

Ол бұған дейін мемлекеттік қызметшіге құны 50 млн теңгенің коттеджін сатып әперген болатын.

6 млн теңгеге жиһаз сатып алған әкім қызметінен босатылды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов облыс орталығының басшысы Әнуар Күмпекеевтің қызметінен босатылғанын хабарлады.

"Бұған дейін Әнуар Күмпекеев мемлекеттік қызметшіге қымбат үй алып, бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланғаны үшін сөгіс алған болатын. Бірақ бұл шара оған сабақ болмағанға ұқсайды. Жуырда қалалық әкімдікке 6 млн теңгеге эбен ағашынан жасалған жиһаз сатып алды. Мұның барлығы шаһар басшысының Президенттің тікелей тапсырмасы – бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәселесіне немқұрайлы қарайтынын көрсетеді. 11 маусымда оған тағы бір қатаң сөгіс берілді. Әнуар Күмпекеев саяси мемлекеттік қызметші ретінде сенімімді мүлде ақтаған жоқ. Тиісті құжаттар Президент әкімшілігіне жолданады", – деді Болат Бақауов.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында Павлодар қаласының әкімдігі мемлекеттік қызметшіге құны шамамен 50 млн теңге болатын коттедж сатып алған еді. Сол үшін шаһар басшысы Әнуар Күмпекеев сөгіс алып, екі қабатты коттедж 7 пәтерге ауыстырылды. Бұл баспаналар жетім балаларға үлестірілді. Ал маусым айында Павлодар қаласының әкімдігі эбен ағашынан жасалған 4 үстел мен шкафты 6 млн теңгеге сатып алды. Бұл жайт та павлодарлықтардың наразылығын тудырды.

Естеріңізге салайық, Әнуар Күмпекеев Павлодар қаласының әкімі болып 2018 жылдың 22 тамызында  тағайындалған болатын.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу