6 мыңға жуық салымшыға SMS хабарлама жолданады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16940

"5-10-20" бағдарламасы бойынша 17 мың адамға займ беріледі. 

6 мыңға жуық салымшыға SMS хабарлама жолданады

Биыл елімізде 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Мақсатқа жету үшін үкімет құрылысқа қарқын беріп жатыр. Бұл –Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.

Төтенше жағдай режимiн қамтамасыз ету жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның 11 мамырда өткен отырысында Президент жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін "5-10-20" бағдарламасы іске қосылып, жобаны жүзеге асыруға 390 млрд теңге бөлінетінін мәлімдеді. Осыдан соң Ұлттық банк "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында игерілетін қаржының 180 млрд теңгесін "Бәйтерек" холдингі арқылы өңірлерге бөлді. Қалған 210 млрд теңге"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" берілетін болды. 27 шілдекүні аталмыш банкке "5-10-20" бағдарламасын іске асыруға арналған ақшаның 90 млрд теңге көлеміндегі алғашқы траншы түсті.Келесі аптадан бастап банк азаматтардың өтінімін қабылдайды. Бұл туралы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова: "Тұрғын үй кезегіне 2010жылға дейін тұрған 58 мыңнан астам адамға "5-10-20" бағдарламасы аясында әкімдіктер салған тұрғын үйлерді сатып алу бойынша несие рәсімделеді. Бірінші кезекте әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған және "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" есепшоты бар 6 мыңға жуық салымшыға SMS хабарлама жолдаймыз. Себебі бізде салымшылармен байланыс бар. Тұрғын үй кезегінде тұрған басқа азаматтар тізімде бар не жоқ екенін анықтау үшін банктің ресми сайтына ЖСН номерін енгізуі керек. Тізімнен өзін тапқан адам кеңес алуға онлайн өтінім қалдыруға тиіс", – деді.

Басқарма төрағасы түсіндіргендей, "5-10-20" бағдарламасы бойынша бастапқы нарықтағы үйлерге ғана қарыз беріледі.

"Жыл соңына дейін 17 мыңға жуық отбасыға тұрғын үй жағдайын жақсартуға займ беруді жоспарлап отырмыз. Қалған 120 млрд теңге банкке алғашқы транш игерілгеннен кейін түседі", –деді Ләззат Ибрагимова.

Оның сөзінше, кезекте тұрған адамдар жария түрде іріктеледі. Қалың көпшілікке несие алғандардың тізімі жарияланады. Әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған адам­дар банкке кезекке тұрған жылына қарай шақырылады. Яғни кезекте кім бірінші тұрса, сол өзгелерден бұрын баспаналы болады.

Бағдарламаға қатысушының үйі болмауы және ол тұрғын үй кезегінде тұруға тиіс.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" негізінде "Отбасы банкі" құры­лады. Жаңа институтқа тұрғын үйді есепке алу, азаматтарды кезекке қою және тұрғын үй үлестіруді "бір терезе" қағидаты бойынша жүзеге асыру міндеті жүктеледі", – деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, "5-10-20" бағдарламасы бойынша баспаналы болатын азаматтарды іріктеу азаматтардың санатына қарай емес, нақты табысына қарай жүргізіледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловайтты.

"5-10-20" бағдарламасына отбасы мүшелеріне шаққандағы табыс мөлшері  96 700 теңгеден аспайтын адамдар қатыса алады. Бұдан жоғары табыс табатын отбасыларға "7-20-25" бағдарламасына жүгінуге болады. Әр адамға шаққандағы табысы 2 айлық есептік көрсеткіштен  (62,400 теңге)аспайтын отбасылар "Бақытты отбасы" ипотекалық бағдарламасы бойынша 2% мөлшерлемемен бастапқы 10% жарнасын төлеп, 20 жылға несие рәсімдей алады", – деді министр.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу