60 мың автокөлік құрастырылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
26990

Отандық автоөндірушілердің нарықтағы үлесі 55,8%-ға жетті.

60 мың автокөлік құрастырылады

Биылғы жылдың алғашқы алты айында 31 мың жеңіл автокөлік сатылды. Оның 17 мыңы отандық автоөндірушілердің еншісіне тиді. Көп көлік сатқандардың көшін "БИПЭК АВТО" мен Astana Motors компаниялары бастады.

Өткен айда ел азаматтары 6 мыңнан астам жеңіл және коммерциялық көлік сатып алды. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 2,7% және 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5% көп көрсеткіш.

Бірінші жартыжылдықтағы сауда көрсеткіші өткен жылға қарағанда 18,3% артық болды. Атап көрсетерлігі отандық автоөндірушілердің нарықтағы үлесі 47,1%-дан 55,8%-ға ұлғайды. Сәйкесінше импорттың көлемі 52,9%-дан 44,2%-ға қысқарды.

Қазақстанда құрастырылған су жаңа жеңіл автокөліктердің саудасы бір жылда 40,1%-ға көбейіп, жартыжылда 17 мың бірлікке жетті. Есептік кезеңде 13,6 мың шетелдік көлік сатылды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,1% аз көрсеткіш.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының дерегінше, "БИПЭК АВТО" дилерлік тобы 10,3 мың, Astana Motors компаниясы 7,7 мың автокөлік сатты.

Үздік үштікті "Вираж" компаниясы тұйықтады. Мұндағылар 1,9 мың "темір тұлпар" өткізді.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің мәлімдеуінше, биыл отандық автоөндірушілер 60 мың автокөлік құрастырады. Келесі жылы бұл көрсеткіш 100 мыңға жетеді. Осылайша отандық автоөндіріс саласына серпін беріледі.

"Отандық автокөліктердің сатылымын ұлғайту мақсатында таяу болашақта жеңілдетілген автонесие бағдарламасын 5 есе ұлғайтып, жылына 15 мың автокөлік өткізетін боламыз", – деді Асқар Мамин.

Біле жүріңіздер, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы 2015 жылы іске қосылды. Содан бері бағдарлама үздіксіз жалғасып келеді.

Биыл бағдарлама аясында қосымша 10 млрд теңге бөлінді. Бұл соманың 8 млрд теңгесін жеңіл көліктерді несиелеуге, 2 млрд теңгесі коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсалады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу