600 млрд теңгеден 6 пайызбен үлес алу үшін не істеу керек?

11695

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына барлық бизнесмендерге қатысуға болады.

600 млрд теңгеден 6 пайызбен үлес алу үшін не істеу керек?

Отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған "Қарапайым заттар экономикасы" атты мемлекеттік бағдарламаға бюджеттен бөлінген 600 млрд теңге кімге беріліп, қалай жұмсалады деген сұраққа тиісті тұлғалар жауап берді.

"Аймақтық кәсіпкерлер палатасының жанынан жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына әкімдіктің, "Даму" қорының, екінші деңгейлі банктердің өкілдері және кәсіпкерлер енді. Мақсат – "Қарапайым заттар экономикасы" жобасына жан-жақты қолдау көрсету. Жоба аясында жергілікті мазмұнды ұлғайтуға, отандық тауар өндірушілердің белсенділігін арттыруға басымдық беріледі. Сонымен қатар нарықты жаңа тауармен толтыруға күш жұмсалады. Біз отандық құрылыс компанияларының өкілдерімен, сауда желілерінің жетекшілерімен жүздесіп жатырмыз. Кездесу кезінде "Қарапайым заттар экономикасы" жобасына атсалысып жатқан кәсіпкерлерге жеңілдетілген бағамен сауда орындарын ұсыну мәселесі пысықталуда", – деді Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасын жүзеге асыруға қарастырылған 600 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредиттің айрықша шарттары бар екен. Бұл ақша шағын, орта және ірі бизнес өкілдеріне сонымен қатар кәсібін жаңа бастаған бизнесмендерге де беріледі екен. Оларға қойылатын шарт –  күнделікті тұрмыста тұтынылатын тауар өндіру.

"Даму" қорының аймақтық директоры Нұрсұлтан Абдолланың айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау үшін елімізде "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. "Даму" қоры күнделікті "Қарапайым заттар экономикасы" жобасы аясында күнделікті тұрмыста қолданылатын 350 түрлі тауар өндірумен айналысып жүрген кәсіпкерлерге  қаржылық қолдау көрсетіп отыр.

"Бұл бағдарламаға шағын, орта және ірі бизнес өкілдері қатыса береді. "Қарапайым заттар экономикасы" мемлекеттік бағдарламасының "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасынан басты айырмашылығы осы", – деді Нұрсұлтан Абдолла.

Оның мәлімдеуінше, аталмыш бағдарлама аясында несиеге шектеу қойылмайды.

"600 млрд теңге қомақты қаражат. Барлық кәсіпкерлерді жеңілдетілген несие бағдарламасына қатысуға шақырамын. Қаржыландырудың мөлшерлемесі  15%-ды құрайды. Оның 6%-ын кәсіпкер өтейді, қалғанын "Даму" қоры субсидиялайды. Бұдан бөлек "Даму" қоры кепіл болуымен кәсіпкер 3 млрд тенгеге дейін қарыз ала алады. Тап қазір қол қойылған, жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 4 келісім бар. Кепілдік беру бойынша 275 млн теңгенің 4 келісімі рәсімделді. Бұл жердегі кепілдік құны 105 млн теңге. Қор құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 2 жобаны қарастырып жатыр. 3,5 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іс барысында", – деді "Даму" қорының аймақтық директоры.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу