Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Үкімет елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру, COVID-19 індетіне тестілеудің ауқымын кеңейту шараларын жариялады.
"Қазақстанның бірқатар аймағында коронавирус жұқтырғандардың саны артып, эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты ведомствоаралық комиссия 20-21 маусымдағы демалыс күндерінде карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылдады", - деп жазады Үкіметтің ресми сайты.
Шектеу шаралары 3 бөліктен тұрады. Бірінші блокта Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларында сауда-ойын-сауық орталықтарының, дүкен желілерінің, төбесі жабық базарлардың, саябақтар мен скверлердің, фитнес-орталықтардың жұмысын тоқтату көзделген.
Екінші блокта халқының саны 50 мың адамнан асатын елдімекендерде қоғамдық орындар мен парктердің, скверлердің, жағажайлардың жұмысын уақытша тоқтату қарастырылған.
Үшінші блок бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына жақын туристік орындар демалыс күндері жабық тұруға тиіс. Сондай-ақ, тестілеу шараларын қосымша лабороториялар ашу арқылы кеңейту жүктеліп отыр. Аталған күндерде жасы 65-тен асқан адамдардың үйден шығуын шектеу қажеттігі де айтылған.
Есжан Ботақара