6G дәуіріне алғашқы қадам

5849

Әлем 5G-ге енді көшіп жатқанда, Қытай одан 100 есе жылдам интернет жасауға кіріскенін жариялап үлгерді.  

6G дәуіріне алғашқы қадам

Қытай 6G интернетін 2030 жылы іске қоспақ және бұл технология 5G-ден 100 есе жылдам жүреді. Мұны осы айдың басында КХР-дың телекоммуникация жөніндегі маңдайалды сарапшылары жариялады.

Бұл бағытта зерттеулер мен мобильдік интернет байланысының  жаңа толқынын дамыту жұмыстары Қытай азаматтары 5G желісін қолдануға кіріскеннен кейін-ақ басталып кеткен.

"6G коммерциялық кезеңге шамамен 2030 жылға қарай енеді. Бұл – даму заңдылығына сүйеніп жасалған болжам. Бірақ нақты мерзім емес", – дейді Қытайда 6G желісін жасау командасының мүшесі Ян Ифэн The Paper газетіне берген сұхбатында.

Үкіметтің мәлімдемесіне қарағанда, Қытай 6G технологиясын зерттеу мен оны жүзеге асыру жұмыстарын қарашаның 3-інде бастады. Сол үшін елдің технологиялық бюросы университеттерден, мекемелерден, корпорациялардан 37 телекоммуникация маманын жинап, арнайы топ құрған. Жаңа ұйымға жүктелген басты міндет - 6G-ді ғылыми тұрғыдан негіздеп  жасақтау.

Қытайдың телекоммуникациялық алыбы – Huawei де 6G-ді өз бетінше зерттеуге кірісті. Мұны осы компания президенті Рен Чжэнфэй мәлімдеп отыр. "Форбс" журналының дерегінше, 1,3 млрд доллар дәулеті бар 75 жастағы кәсіпкер айтқандай, оның фирмасы 5G мен 6G-ді бірге жасай бастаған. Бұндай ақпаратты China Economic Weekly басылымы Реннің саудиялық газеттердің біріне берген сұхбатына сүйеніп хабарлады.

Сонымен қатар, қыркүйекте The ​​Economist журналына берген интервьюінде Рен Чжэнфэй өз фирмасының  6G-ді жасаудан әлемде көш бастайтынына үміт білдірді.

"6G-ді зерттеу ісіне келгенде Huawei жетекші рөл ойнайды деп ойлаймын. Бірақ бұл технология алдағы 10 жылдың ішінде қолданысқа енбеуі мүмкін", – дейді Рен.

1 секундта – 1 фильм

Қытайдың мемлекеттік телекоммуникациялық үш операторы - China Mobile, China Unicom және China Telecom қарашаның басында 5G-ге арналған мәліметтер жоспарын іске қосты. Сонымен қатар осынау жылдам интернетті елге тарату үшін жыл соңына дейін 130 мыңнан астам станция салу жоспарланып отыр.

Жергілікті инженерлер болса, Шанхай маңында алғашқы 5G смарт қаласын салып үлгерген. Оның тұрғындары телевизиялық сериалдар мен фильмдерді, ойындарды небәрі 1 секундта жүктеп алады.

Бұған қоса, 5G желісі Huawei-дің көмегімен жүрдек пойыздар станциясына да орнатылып жатыр. "Супер-жылдам" интернет Азияның ең қарбалас транспорттық торабы – Шанхайдың Хунцяо теміржол бекетінде шоғырландырылмақ. Айта кету керек, бұл вокзал жылына 60 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді.

Huawei өкілдерінің сөзінше, станцияда көлемі 2 ГБ болатын жоғары сапалы фильмді 20 секундқа жетпей жүктеп алуға болады. Салыстырып көрсек, 4G-дің көмегімен мұндай материалды көшіру үшін 3 минут 20 секунд кетеді екен.

5G-мен не істеуге болады?

G жүйесінің эволюциясы 1980 жылы басталды. Сол кезде ұялы телефон жасалып, онымен алғаш рет хабарласуға мүмкіндік туды. Ал, 1991 жылы SMS пен MMS жіберуге жол ашқан 2G желісі пайда болды.

Содан бері мобильдік желілердің тасымалдау мүмкіндіктері мен көлемі жаппай арта түсті. Яғни, ұялы байланыс құралы арқылы бір нүктеден екіншісіне жіберілетін мәліметтер көлемі ұлғайып, оларды "аттандыру" жылдамдығы күшейді.

5G қазір қолданып жүрген 4G-ден 1000 есеге жылдам болады деген мәлімет бар. Ал, 3G-ден 4G-ге көшу мобильдік көруге (видеоны) пайдасын тигізсе, 5G-дің көмегімен сол бейнематериалды бірден тамашалай беруге болады.

Мамандардың айтуынша, 5G-ді пайдаланып, конференцияда айтылған сөздерді бір сәтте бірнеше тілге аударуға болады. Ал, жүргізушіні қажет етпейтін, өз бетімен жүретін автомобильдер фильмдерді, музыканы, навигациялық ақпаратты "бұлттан" бере алады. Сонымен қатар, 5G жылдам әрі тиімді желіге айналып, сымды интернет дәуіріне нүкте қоюы мүмкін. Өзге бір мәліметтерге қарағанда, 5G  ұзақтығы 8GB фильмді 6 секундта көшірмек. Болжамдарға қарағанда, 2020 жылдың соңына дейін әлемде 50 миллиард құрылғы 5G-ге қосылады.

Әркімді, әр затты, әр жерді

Жалпы алғанда, Қытай инженерлік академиясының академигі Лю Юньцзе  5G интернетті қолданудың үш сценарийін атап өтті. Олардың бірі – өте анық видеоқызмет пен виртуалдық шындық, екіншісі – өнеркәсіптік интернет; үшіншісі – көліктік интернет пен заттар интернеті. 

"Он жылдан кейін не болады? Меніңше, 2030 жылға қарай миллиардтаған, триллиондаған машиналар, адамдар, заттар уақыт пен кеңістікте ақылмен бірігеді", – дейді Юньцзе CCTV телеарнасына берген сұхбатында.

Қытай инженерлік академиясының өзге бір ғалымы – академик Ю Шаохуаның ойынша, енді басталып келе жатқан 6G дәуірінде құрлық, теңіз, әуе, ғарыш арасындағы байланыстар интеграциясы жүзеге асады және де сол өзара коммуникация әр жерді, әр адамды, әр затты қамтымақ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу