"7-20-25": Бағдарламамен тек бір рет ғана үй алуға болады

Ипотекалық жоба жалғасады, Ұлттық банк жаңа талаптарды жариялады.  

"7-20-25": Бағдарламамен тек бір рет ғана үй алуға болады Фото: google.com

"7-20-25" ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы алдағы жылы да жалғасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Тиісті шешім Президенттің тапсырмасы бойынша  ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 123 Қаулысымен қабылданды.

Жобаның шартында екі өзгеріс бар. Алайда негізгі талаптар сақталады. 

Атап айтқанда, бағдарламаға жыл сайын 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Мұндай лимит банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері мен олардың дамуына мүмкіндік беру үшін белгіленбек. 

Тағы бір үлкен өзгеріс – әр адамға бір рет қана ипотека рәсімдеу мүмкіндігі беріледі. 

"Жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы Бағдарламаға бір рет қана қатыса алады", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері, оның ішінде бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б. өзгеріссіз қалады. 

Жуырда сала өкілдері, құрылысшылар қауымдастығы "7-20-25" бағдарламасының шартын өзгертіп, жоба аясында қолданыстағы үйлерді де несиелеуді, тұрғын үйдің ең жоғарғы құнын ұлғайтуды ұсынды. 

"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-ның PR менеджері Айбар Олжайдың айтуынша, мұның жылжымайтын мүлік нарығына пайдасынан көрі зияны көп болуы мүмкін. Сондықтан жоба аясында тек жаңа тұрғын үйлерге несие беріледі. 

"Жеңілдетілген ипотека тұрғын үй қорын жаңартуға бағытталған. Қайталама нарықтағы үйлерді қосу алыпсатарлыққа әкеледі. Оның үстіне 25 жыл аз мерзім емес. Сонымен қатар ол бағаның негізсіз өсуіне алып келеді. Сондықтан ипотекалық бағдарлама аясында тек жаңа үйлеге несие беріледі", – деді бағдарлама операторының PR менеджері.

Айта кетейік, соңғы төрт айда аталған ипотекаға сұраныс артқан. 2022 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 852,2 млрд теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді. 

Еске сала кетсек, бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарды 20%-дан бастап бастапқы жарнамен жылдық 7% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы іске қосылды. 

Астана, Алматы (шекаралас аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 млн теңге, Қарағанды, Түркістан қалалары үшін 20 млн теңге және басқа өңірлер үшін 15 млн теңге болып белгіленген. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу