Ал 25 миллиондық пәтерлерге ипотека рәсімдеушілердің қатары сирек.
Сонымен бірге, бағдарламаға жауапты құрылым ретінде ұлттық банк құрған "Баспана" ұйымы қатысушылардың орташа жалақысы 170 мың теңгеден аспағанын растады.
Ұйымның бір қуанышы да бар: "7-20-25" бағдарламасына қатысушылардың ешқайсысы қарызын өтеуді кешіктірмеген: осы жеңілдетілген ипотека берілген барлық адамдар кредит бойынша ай сайынғы төлемдерін уақытылы төлеп келеді.
"Атап өту керек, "7-20-25" бағдарламасының клиенттері қаржылық тәртіптілік танытуда. Мамандардың талдауының қорытындылары көрсеткендей, 2018 жылы кредиттің ай сайынғы төлемдері бойынша қатысушылардың борышты болып қалу фактілері орын алған жоқ. Өткен жылы қазақстандықтар осы ипотека бойынша ай сайын орташа алғанда 55 мың теңгеден төлем төледі. Барлық қарыз алушылардан келіп түскен ай сайынғы төлемнің жалпы көлемі шамамен 170 миллион теңгені құрады", – деп хабарлады "Баспана" ипотекалық ұйымының сыртқы байланыстар департаменті.
Ұйымның дерегінше, "7-20-25" қатысушылары арасында негізінен бағасы 8-ден 14 миллион теңге аралығындағы пәтерлер ең үлкен сұранысқа ие болуда.
"Мұндай жағдайда құны 8 миллион теңге тұратын пәтер үшін ай сайынғы төлем (кредит мерзімі 25 жыл болғанда) 45 мың теңгені, 10 миллион теңгеге бағаланған пәтер үшін – 56 мың теңгені, ал құны 12 миллион теңге болатын пәтер үшін – 79 мың теңгені құрайды", – деді ұйым өкілдері.
"7-20-25" бағдарламасына қатысып жатқан Астана қаласы тұрғындарының орташа айлық табысы 150 мың теңге, алматылықтардың айлық табысы орташа алғанда 120 мың теңге, ал жаңа мегаполис – Шымкенттің тұрғындарының айлық табысы орташа есеппен 100 мың теңге болған.
7 пайыздық арзандатылған ипотекамен баспана сатып алған өзге өңірлер тұрғындарының орташа айлық табысы небары 70 мың теңгенің айналасында қалыптасты.
"Статистика кейбір БАҚ-та жарияланған: "бұл бағдарламаға қатысу үшін ай сайынғы табысың кем дегенде 300 мың теңге көлемінде болуы керек" дейтін тұжырымдардың шындыққа сай келмейтінін көрсетіп отыр", – деп байлам түйеді "Баспана" ипотекалық ұйымы.
2019 жылғы 29 қаңтардағы жағдай бойынша қазақстандықтардан осы ипотека арқылы жалпы құны 92 миллиард теңге тұратын баспаналарды сатып алу үшін 7 мың 949 өтінім қабылданған. Бірақ олардың ішінен банктер жалпы сомасы 55 млрд теңге көлеміндегі 4 мың 612 өтінішті ғана мақұлдапты.
Осының алдында ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев биылғы жылы сұраныс 19 мың пәтерге дейін жетуі мүмкіндігін айтқан болатын.
Жанат Ардақ